Қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен танымал тұлға Мағжан Жұмабаевтың туғанына бүгін 128 жыл!
Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Бекенұлы Жұмабаев  1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген.
1910-1913 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ. Ибрагимовтен дәріс алып, болашақ көрнекті жазушы Бейімбет Майлинмен танысады.
Ибрагимовтің көмегімен 19 жасында Қазан қаласында «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағын басып шығарады. Бұл 1912 жылы болған еді. Содан бастап Жұмабаевтың есімі Омбы, Петропавл, Семей қалаларындағы әдеби қауымға мәшһүр болады. Жазғандары жұрт аузына ілігіп, жастардың піріне айналады.
1919-1923 жылдары Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінде, «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет істеп жүріп, халықты ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс «Батыр Баян» поэмасын жазып, жарыққа шығарады.
1929 жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрды деген айыппен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жылға Карелияға айдалып кетеді.
Түрмеден босап, Қызылжарға келгеннен кейін Мағжан шығармашылықпен айналысып, сабақ беремін деп ойлады. Бірақ сотталған деп оны ешкім жұмысқа алмады. 1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. Алайда 1937 жылдың желтоқсанында қайта тұтқындалып, 1938 ақпанында халық жауы ретінде атылып кетті.
Ақынның шығармалары дүкендер мен кітапханалардан алынып, жойылды. Жарты ғасыр бойы, яғни 1988 жылға дейін оның шығармаларына тыйым салынды.
Мағжан Жұмабаевтың мол мұрасы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында ғана жұртшылыққа жария етілді. Өлеңдері орыс тіліне аударыла бастады. Ақын соңғы деміне дейін ұлт-азаттық тақырыбын өз поэзиясының өзегі етті. Халқымен бірге күйзелді.