Өнер – мәдениеттің айнасы

Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі. Бұл саладағы мәртебелі мамандық иелерінің атқарар жұмысы, халық назарына ұсынар жаңалығы да мол. Қостанай академиясында да оқу орнының беделі мен еңсесін көтеріп, мәдени қырларын жандандыратын мәдени ошақтар аз емес. Солардың бір шоғыры – Академия музейі, кітапхана, домбыра ансамблі, үрмелі аспаптар оркестрі, хореографиялық ұжым, КТК командасы, барабаншылар взводы, вокалдық студия жұмыс істейді.
Қостанай академиясында бұл саланың мамандық иелері аз емес. Солардың бірі – музейдің жетекшісі отставкадағы полиция полковнигі Бислу Биғазқызы Мұқажанова. Тарихи тағылыммен таныстыратын музейімізде Шырақбек атадан бастау алатын Академияға үлесін қосқан жандардың жеке заттары мен сыйға тартылған құнды сыйлықтар сақталуда. Академия музейінен Шырақбек Қабылбаевтың жеке заттарын, кітаптарын, М.Әуезовтің сыйға тартқан домбырасын, оқу орнымыздың тарихи оқиғаларын, ерлік, даңқ, білім, өнер бұрыштарын, сурет галереяларын көруге болады. Музей жетекшісі Бислу Биғазқызы тарих айнасының дамуына айрықша үлес қосып, білім ордасының мәдени құндылықтарымен бөлісіп көрсетуден, білім алушыларды ақпаратпен бөлісуден жалыққан емес. Дәл осындай біліммен сусындатып жүрген Академия кітапханасының қызметшілері де құрметке ие. Осы тұрғыда кітапханашылардың еңбегін елемей кету мүмін емес. Кітапхана ұжымы әр мейрамдарда кітап көрмесін жиі ұйымдастырып, тыңдаушылар мен курсанттарды кітап оқуға үндейді.
Және де домбыра ансамблі, үрмелі аспаптар оркестрі, хореографиялық ұжым, КТК командасы, барабаншылар взводы, вокалдық ұжым мерекелік іс-шараларда көрермендерге ерекше әсер сыйлайды. Өнер қызметкерлерінің арқасында кештерде музыканың керемет дыбыстарын естіп, концертте демалуға зор мүмкіндік бар.
Академия курсанттары мен тыңдаушыларын қазақстандық патриотизмге, Отанға деген сүйіспеншілікке, антқа адалдық рухында тәрбиелеуге, тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтауға, үздік кәсіби дәстүрлер мен рәсімдерді дамытуға, ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерлігі мен батырлық істерін насихаттауға, оң имидж қалыптастыруға тәрбиелеп жүрген білім ордамыздың қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.

ІСКБ