Өрт қауіпсіздігі айлығы аясындағы рейд

Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, өрт қауіпсіздігі айлығы аясында рейд жүргізді. Жыл сайын өткізілетін іс-шара барысында өрт қауіпсіздігінің алдын алу, өрттен сақтану және тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау жолдары айқындалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасына орай 1 ай бойы облыс аумағында өрт қауіпсіздігі қолға алынатын болады.
«Өңірімізде жыл сайын мыңға жуық өрт болады. Осының салдарынан бір жылда отыздан астам адам көз жұмады. Оның ішінде былтырғы жылы кәмелеттік жасқа толмағандар саны төртеу. Өрттің басым көпшілігі, атап айтқанда 60-70%-і үй иелері қарапайым ережелерді дұрыс сақтамағандықтан тұрғын үйлерде орын алады. Сондай-ақ өрттің шығуына көп жағдайда пештердегі ақаулар мен электр сымдарының дұрыс жалғанбауы себеп болып отыр. Осыған орай жыл сайын облыс аумағында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізіліп тұрады. Айлықтың бірінші кезеңі жылыту маусымына дайындық кезінде басталса, екінші кезеңі осы уақытқа жоспарланған. Жылыту маусымы басталғаннан бері облыстағы тұрғын үйлерге жалпы саны 783 дабылқаққыш орнатылды», — деді Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары Азамат Орынбаев.

Іс-шараның жалғасы қызметкерлер мен еріктілердің қолдауымен Қостанай-2 шағын ауданындағы тұрғын үйлерді аралаумен жалғасты. Рейд барысында тұрғындарды барынша өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстыра отырып, демеушілердің көмек көрсетуімен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша тегін 10 дабылқаққыш орнатылды. ТЖБ мәліметінше, облыс орталығында алдағы отыз күн ішінде жеке тұрғын үйлер дабылқаққыштармен барынша қамтылатын болады.

Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі