Ұстаз – ұлағатты ұғым

Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға
Абай Құнанбайұлы

Әлемнің 100-ден астам мемлекетінде қазан айының алғашқы жексенбісі мұғалімдер мен білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленген.
КСРО Жоғарғы Кеңесі президиуымы 1965 жылы 29 қыркүйекте қазанның бірінші жексенбісін мұғалімдер күні етіп бекіткеннен бері, ол біздің елімізде тұрақты түрде аталып өтіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 27 желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Осылайша, ұлағатты ұстаздардың мәртебесі заңмен айқындалып, бекітілді.
Ұстаздар күні – көпшіліктің мерекесі. Бұл күні шәкірттер гүлдерін құшақтап ұстаздарын құттықтауға асықса, ересектер де кезінде өздеріне тәлім-тәрбие берген ұлағатты жандарды естеріне алып, тебіренеді.
Жалпы, қазақ халқы ежелден ұстазын құрмет тұтып, сыйлаған ел. Содан «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз қалған. Шәкіртіне қарап, ұстазын таныған. Сөзі түзу, ісі мығым, тәрбиелі жасты көргенде: «Кім сабақ беріп еді? Ұстазыңды аташы?» деп сұрап жататыны содан болса керек. Қала берсе «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген сөз де бар. Сондықтан ғұлама, әулиелер көкейіне түйген білімі мен білігін, тәлімді тәжірибесін соңынан ерген шәкірттерінің бойына сіңіруге асыққан.
«Ұстаз» сөзінің түсінігі тым терең әрі керемет кең. Адам баласы өмірге келген сәттен бастап-ақ айналасына қарап, өзгелерге еліктей бастайды. Біреуден не әлденеден бір нәрсені үйреніп қалуға үйірсек келеді. Сол саған жол сілтеген немесе сабақ болған жандар мен сәттер де ұстазың іспеттес.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» – дейді.
Біздің оқу ордамызда да «өзінің уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын» әріптестеріміздің қатары қалың. Олар ішкі істер органдарына кәсіби мамандар дайындау жолында аянбай еңбектеніп жүр.
Осындай жалпыхалықтық сипат алған атаулы күннің қарсаңында, бүгінгі шәкіртінің ертеңгі қызметіне алаңдап, талмай ізденіп жүрген профессорлық-оқытушылық құрамды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, қызығы мен қиындығы қатар қызметтеріне толағай табыстар тілейміз!

Құрбанәлі Елмұратов,
ІСКБ бастығы