Ұлы Отан соғысының ардагері Қасымхан Алдабергенұлы Алдабергенов

ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының басшылығы, жеке құрамы мен курсанттары жыл сайын дәстүрлі түрде Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтап, мерекелік іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастырады. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесі қарсаңында Академия  бастығының орынбасары полиция полковнигі Е.Т. Каппасов, Ардагерлер кеңесінің төрайымы Б.Б. Мукажанова, кадр саясаты бөлімінің бастығы, әрі идеологиялық жұмыс бөлімшесінің бастығы полиция майоры Т.Г. Баймаганов Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне барып  сый құрмет көрсетіп құттықтады.   Осы іс-шара барысында бүгін мен, ҰОС ардагері Қасымхан Алдабергенұлы Алдабергенов туралы сыр шерткім келеді.
Қасымхан Алдабергенов 1925 жылы Қостанай облысы Қамысты ауданының Талдыкөл ауылында дүниеге келген. Әскерге Жітіқара аудандық әскери комиссариаттан шақырылған.  Ол кезде 18 жасқа  енді ғана аяқ басқан кезі еді. Оны Златоуст маңындағы пулеметшілер училищесіне жібереді. Аталған училищеде оқып жүргенде әуе десанттық әскеріне іріктелініп,  жаз ортасында әуе десанттық  әскеріне қабылданады. Олар 14-гвардия әуе десант бригадасын құрып, бригада командирі гвардия полковнигі Юнатовтың басқаруымен,  Владимир қаласының Киржач селосы жанындағы өзеннің жағасына орналасады. Бір жарым жыл осы жерде әскери дайындық үстінде болған. Әскери дайындықта парашютпен секіріп, түрлі жаттығулар жасап дайындалған. Содан кейін 1944 жылдың аяғында Украина, Белоруссия арқылы Венгрияның Сальнок қаласына тоқтап, майданға алғы шепке даярланған. Будапешт қаласын жаяу өтіп, Балатон көлінде қорғаныста тұрған жау әскеріне бірінші болып,  тұтқиылдан шабуыл жасап, бүкіл Венгрияны жаудан азат еткен. 1944 жылдың аяғынан бастап 1945 жылдың басына дейін соғыста алдыңғы шепте болған. Осылайша сәуір айының 16-шы жұлдызында Австрияның орталығы Вена қаласын жаулардан азат етіп, 1 мамыр күнін Вена қаласында атап өткен.  Содан кейін Чехословакияға бет түзеген.
«Чехословакияның адамдары екі жақта тұрып, біздің әскерлерге «Наздар!» деп айқайлайтын, бұл «Да здравствует!» деген мағынаны білдіретін.  Осы жылдың 9 мамыр күні бізге «Жеңіс! Біз фашистерді жеңдік!» деген  хабар келіп жетті, – деп еске алады.
Осылайша 1943-1945 жылдар аралығында соғыста болған. 1946 жылдың қаңтарында Ресейге оралған. Ресейдің Кострома  қаласында 1950 жылдың сәуір айына дейін тұрған.  Осы кезде әуеде парашютпен секіріп, түрлі жаттығулар жасап, әскери дайындықтан өткен. Көп ұзамай осы  жылдың сәуір айында елге оралады.
Әскери атағы – гвардия старшинасы. ИЛ-12 самолетінен 100 рет парашютпен секірген. 2-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» және мерекелік медальдармен марапатталған.
Туған жеріне оралғаннан кейін мектепте 15 жыл бойы ұстаздық еткен. 1971 жылдың тамыз айында облыстық «Коммунизм таңы» (бүгінде «Қостанай таңы») газетіне қызметке шақырылады.
Бүгінгі таңда, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасымхан Алдабергенов жырлар мен мақалалар жазады, домбырада ойнайды.  1959-1979 жж. аралығында 6 рет облыстық ақындар айтысына қатысқан. 1980 жылы облыстың атынан Алматы қаласында өткізілген республикалық ақындар айтысына қатысқан. 1985 жылы зейнеткерлікке шыққанымен, 1993 жылға дейін белсенді қызмет атқарған.
Қасымхан Алдабергенов  өзінің кітабында шығарған.  Биыл Ұлы Отан соғысының ардагері  96 жасқа толады.
Ұлы Отан соғысының  құрметті ардагері Қасымхан Алдабергенұлы Алдабергеновті  келе жатқан Ұлы Жеңістің  75 жылдығымен құттықтай отыра, зор денсаулық, мол бақыт, ашық аспан, отбасына амандық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілеймін.

Баспасөз қызметі