ҚЫСЫЛТАЯҢ ЖАҒДАЙЛАРДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК

ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының педагогика және психология кафедрасының оқытушылары 3 — курс курсантарына «Девиантты мінез-құлық психологиясы» пәні бойынша Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментіне шығу сабағын ұйымдастырды. Шығу сабағы аясында курсанттар Қостанай облысы ТЖД — ның психолог қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Курсантарды Қостанай облысының ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Д.С. Полончук және бас маман, психолог азаматтық қорғау майоры А.Т. Оразалина, психолог Д.С. Байбулов қарсы алды. Азаматтық қорғау полковнигі Д.С. Полончуктың айтуынша, қазіргі кезеңде табиғи және техногенді сипаттағы әртүрлі төтенше жағдайлар санының толасыз көбейіп жатқандығы байқалып отыр. Бұндай жағдайда психолог қызметінде бақылау әдісі, әртүрлі жағдайға арналған сауалнамалар, кеңестер ерекше маңызға ие, төтенше жағдайға түскен немесе қайта тап болған кезде адамдар ақпараттық-түсіндірме және кеңестік көмекті қажет етеді.
Психолог азаматтық қорғау майоры А.Т.Оразалина өз жұмысына тоқталып өтті. Қиын жағдай туындағанда олардың күнделікті өмірге оралуы үшін кәсіби психологиялық қолдау аса қажет. Өйткені төтенше жағдай кезінде адам психоэмоционалдық жағдайда болып, психологиялық көмектің қажет екендігін де мойындай қоюы қиынырақ болады. Адам қайғылы жағдайға ұшырағанда эмоцияға беріліп, бойын ашу-ыза кернеп, ашушаңдық, қорқыныш, үрей сезімі басымдық танытып, адам өз-өзіне келе алмай қалуы мүмкін. Психолог сол күйзелістік жағдайдан шығуына кеңестерін береді.
А.Т.Оразалина курсантармен төтенше жағдайға байланысты жаттығу өткізді. Зардап шегушімен әңгіме барысында қалай кеңестер беру керек екендігі жайында мысалдар көрсетіліп, талқыланды. Бұл қиын тапсырма еді. Бірінші кезекте олардың эмоциясын, ашу-ызасын, күйзелісін сыртқа шығарып алуына мүмкіндік беру, содан кейін өз кеңестерін сұхбат барысында бере алады.
Қостанай облысы ТЖД біздің курсантарға қызықты болды. Өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, әрдайым қиын жағдайға түскен адамдарға қол ұшын беруді мақсат етіп қойып, өз мамандықтары жайлы ақпараттар алып, қызығушылықтарын оятты.

Педагогика және психология
кафедрасының оқытушылары
полиция аға лейтенанты
Г.Ахметова,
Е.Толыкпаев