Қостанай академиясы өзге ұлт оқытушылары арасында үздік аудармашыны анықтады

Тіл апталығының соңғы күні Академия қызметкерлері арасында «Үздік аудармашы» байқауы өтті. Сайысқа Академияның өзге ұлт өкілдерінен құралған қызметкерлері қатысты.

Сайыстың мақсаты білім ошағында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте отырып, өзге ұлт өкілдері арасында оны кеңінен насихаттау және қоғамдық өмірдегі мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыру, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің тіл үйрену іс-тәжірибесін көпшіліктің игілігіне айналдыру, іс жүргізудегі біліктілігі мен тәжірибесін сараптау, мемлекеттік тілде дайындалатын іс қағаздардың сапасын арттыру болып табылады.

«Сөздер әлемі», «Ресми құжаттарды аудару», «Мәтіннің мазмұны» атты үш кезеңде қатысушылар тест үлгісінде берілген орыс тіліндегі терминдердің қазақша аудармасын көрсетіп, құжат үлгісін қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ қазақ тілінде берілген мәтіндердің мазмұнын айтты.
Үздік аудармашының қорытындысы тіл апталығының жабылу салтанатында марапатталатын болады.