Қарттарым — асыл қазынам

Қазақстанда  1 қазан Халықаралық қарттар күні мерекесі деп аталады.  Халықаралық қарттар күні – әлемдегі барлық қарттарға өте маңызды күн. Бұл күн барлық жастағы ардагерлерге және зейнеткерлерге арналған күн және де бұл күн құрметтеудің  символы болып саналады. Қарттар – біздің асыл қазынамыз.
Жастардың бойына ұлттық, ұлағатты қасиеттерді сіңіріп, курсанттарды имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу және курсанттардың бойына әдептілік пен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында 2019 жылдың 1 қазанында ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында құрметті ардагерлерді  қошеметтеу іс-шарасы өткізілді.
Академия бастығы полиция полковнигі Н.Биекенов профессорлық — оқытушылық құрам мен ұжымның атынан құрметті де сыйлы  ардагерлерді  халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларына шаттық, мәпелеген балаларынан, немерелерінен тек қана қуаныш көріңіздер деп құттықтады.

Іс-шара барысында Ардагерлер кеңесінің төрайымы Б.Мукажанова ардагерлерге жылы лебізін білдірді. Керемет дастарқанда жайылған тағамдар, курсанттарымыздың өлеңдері мен әндері сыйлы ардагерлерімізге арналды. Сондай-ақ, атаулы күні оқу ордамыздың ардагерлері Л.Вятлова мен Ю.Симининді мерейтойларымен құттықтап, арнайы сыйлықтар тарту етілді.

Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы, қызметкерлері мен  магистранттары да ән шырқап, жүректен шыққан өлеңдерін оқып, домбырамен ән айтып, ардагерлерімізді қуантты.
Академия магистратурасының 2-курс магистранты әділет аға лейтенанты Манар Қабай жүректен шыққан мына өлең шумақтарын тарту етті.

Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар…

Кең құшағы саялы Қаратаудай,
Алақаны аялы Алатаудай.
Әңгімесін тыңдап қарттарымның,
Көңілің жай тауып бір қалатындай.

Ақсақалдар сарқылмас дариялар,
Әр сөзінен көңілге бақ ұялар.
Сіздерді құрметтейміз, қадірлейміз,
Аяулы ардагерлер, қариялар!

Абырой амандығың арта берсін,
Бақ дәулет қызығымен қатар берсін.
Ұрпағың жақсы көрген жиі келіп,
Таусылмас дәм тұзыңды тата берсін.

Ардагерлер Академия ұжымына өздерінің алғыстарын білдірді. Дастархан басында оқу орнымыздың аумағында қызмет еткен кездердегі қызықты сәттермен бөлісіп, бір серпіп қалды. Іс-шара аясында ардагерлердің жүзінен аңсау, сағыныштың табы білініп тұрды.

Ардагерлеріміз қажыр-қайратын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған адамдар. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, біздің қара шаңырақ Академиямыз қашан да осындай білім беру жолында талмай еңбек еткен ардагер оқытушыларын әрқашан  естен шығармайды. Оларға әрдайым құрмет көрсетеді. Сіздерге болашақ ұрпақ үшін жасаған жақсылықтарыңыз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.

 

Баспасөз қызметі