«Қан тапсырып, өмірге үміт сыйла!» акциясын қолдаймыз!

Ағымдағы жылдың  26 қарашасында Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық қан орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері «Қан тапсырып, өмірге үміт сыйла!» акциясы төңірегінде күндізгі және сырттай оқыту факультетінің курсанттары  қан алу іс-шарасына қатысты. Курсанттарымыз қан тапсыру алдында терапевтің қабылдауында болып,   алдын-ала медициналық зерттеуді қамтитын медициналық тексеруден өтті. Қан тапсырудан бұрын дене температурасы өлшеніп, қан қысымы мен тамыр соққысы қаралды. Дәрігердің тексеруінен кейін ғана донор курсанттарымыз қан тапсырды.
Осы іс-шара барысында мынадай сұрақ туындайды: жалпы қан тапсырудың денсаулыққа тигізер пайдасы қандай?
Жыл сайын ерiктi донорлар туыстарына немесе бөтен адамдарға көмектесу үшiн қан тапсырады. Донорлар өз қанын тапсыра отырып, басқа жандарға өмір сыйлайды, көмек береді және өз ісімен адамдарға жақсылық жасайды.  Адам баласы үшін қан тапсырудың ешқандай зияны жоқ, керiсiнше қан тапсыра отыра, ол өзінің денсаулығын жақсартады.

Аталған іс-шара барысында қан тапсырып жатқан курсанттарды сөзге тарттым. 3-курс курсанты полиция сержанты Әсем Бекмұханның айтуынша: «Қан тапсыру адам баласының денсаулығын жақсартуына көп көмегін береді. Мен жыл сайын кан тапсырып келемін. Бүгін міне, 3 курс курсанттары бір адамдай қан тапсырып отырмыз. Бұл — адам баласына тән қасиет», — деп сөзін тамамдады.
Қан тапсыру арқылы жол апатынан зардап шеккен адамдарға, мұқтаж болған барлық жандарға көмек қолын созамыз. ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы осы бағытты ұстанады. Білім алып жатқан курсанттарымыз, дәлірек айтқанда, болашақ тәртіп сақшыларымыз бүгінгі өткізіліп жатқан «Қан тапсырып, өмірге үміт сыйла!» атты акциясына белсене атсалысты. Қан тапсыр — бұл қайырымды болудың, мейірбандық танытудың айқын белгісі!

Баспасөз қызметі