«Қамқорлықтың қанаты қайырылмасын».

«Анашым…
Іздеумен келем, іздеумен келем өзіңді,
Естігім келеді бір ауыз жылы сөзіңді.
Жас жаныма серік етіп келемін
Таусылмайтын сабыр менен төзімді.
Күнде оқимын сен қалдырған хатыңды,
Іштей ғана қайталаймын атыңды.
Көп болды ғой түн ұйқымды сағындым
Қанша таңды сені ойлаумен атырдым…
Анашым…
Азайып бара жатыр күлкім де,
Мәңгілікке көз жұмсам ғой бүл түнде.
«Кешір мені» деп жазыпсың хатыңда,
Менің сізге өкпелеуім мүмкін бе?
Сені ойлаумен өтеді менің әр күнім,
Білмеймін ғой не кінәмнің барлығын».  
Зарина Долатаева

Қамқорлық – мейірімділік пен ізгіліктің іс жүзіндегі көрінісі. Халқымызда ежелден бері көмекке мұқтаж адамдарға көмек көрсету, қарттар мен сәбилерге қамқорлық таныту, мүгедек жандарға қол ұшын беру әрбір азаматтың адамгершілік парызы болып саналған.
Тарихымызға көз жүгіртер болсақ, қазақ халқы ешуақытта «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» екен. Жетім көрсең жебей жүр деген нақыл сөздер де осы кездерден қалса керек. Бүгінгі біздің елімізде ғана емес бүкіл әлемді алаңдатқан бұл мәселеге қай ел болмасын бейжай қарамайтыны анық. Дені сау болып шыр етіп жарық дүние есігін іңгәлап ашқан сәбилер де жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан жайы бар. Жетімдер үйін мекендеп, ата-ананың ыстық ықыласы мен махаббатына зәру балалардың тағдыры қандай күйде өтіп жатыр десеңізші. Бауыр еті баласын тастайтын көкек аналарымыздың көбеюі қазіргі қоғамның ең жиіркенішті мәселесі. Жарық дүние есігін ашпай жатып қош айтысатындары қаншама.
«Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған екен асқақ ақынымыз Мұқағали Мақатаев. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағымыз еді ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүргені шамалы. Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтынын айтудың қажеті де жоқ. Әрине, қоғамда осындай жағдайлардың орын алуы әрбір жүрегі жылы, мейірімді адамды толғандыратыны сөзсіз. Мұхаммед пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады»,– деген екен. Мінекей осындай сауап боларлық игі істерді бастау өзін елінің патриоты санайтын әрбір азамат қолға алуы тиіс.
2019 жылдың 17 қыркүйегінде ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының ғылыми-педагогикалық магистратурасының 2-ші оқу жылындағы магистранттары «Дельфин» сәбилер үйінде сәбилерге қамқорлық таныту мен жүрек жылуын сыйлауға байланысты ізгілік акциясын өткізді. Аталмыш іс-шараның мақсаты, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилерге қамқорлық таныту, оларға адамзаттың ізгі ниеті мен жүрек жарды жылы лебіздерін жеткізу болып табылады. Іс-шара соңында, осындай бастамалардың жалғасын үзбеу ниетімен Академия магистранттары ізгілік акциясын өткізу челленджін ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының магистранттарына жолдады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – демекші, әлемнің бәсекеге қабілетті ең дамыған мемлекеттерінің отыздығына кіруді ойласақ, алдымен бала тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарға көңіл бөлуіміз керек. Мемлекеттің ең басты байлығы да адам екендігін бір уақытқа да естен шығармаған абзал.

Магистратура