Қайырымдылық жасап, көмек көрсетті

«Адамды адам ететін – мейірім мен қайырым» деп, дана халқымыз бекер айтпаған. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі.

Бүгінде Академияның бастамасымен жасалып жатқан игі істер қатары аз емес. ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қызметкерлері мен курсанттары қайырымдылық істерін өткізуді игі дәстүрге айналдырған. Ұжым әрқашан көмекке мұқтаж жандарға бірінші болып қол ұшын созып, жәрдемдесуге қашанда дайын. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Атап айтар болсақ, Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеу қарсаңында арнайы дайындық курсының тыңдаушылары аға инспектор-психолог, полиция майоры С.О. Байгабулова және оқу саптық бөлінісі взводының командирі, полиция аға лейтенанты Ж.Б.Маделин бірлесіп «Дельфин» балалар үйінің аумағын абаттандыруға көмек көрсетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, науқан барысында гүлзарлар қалыпқа келтіріліп, аумақ қоқыс пен арамшөптерден тазартылды.
Тыңдаушылар қолдан келгенше көмек көрсету мақсатында «Дельфин» балалар үйіне тұрақты түрде келу керектігін айтты. Аз уақыттың ішінде аймақты тазартып болған қызметкерлер әркез игі іс жасауға дайын екендерін, алдағы уақытта да балалар үйіне келіп, қол ұшын созып, қолқабыс көрсететіндерін мәлімдеді.
Ал өз кезегінде, «Дельфин» балалар үйінің басшылығы Академия басшылығы мен қайырымдылық науқанына қатысушыларға алғыстарын білдірді.

ІСКБ инспекторы П.Ақылбекқызы