«Ғұмыры — қысқа, ерлігі — дастан»

«Ерлік — елге мұра, ұрпаққа — үлгі» бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы — біз үшін үлгі, шежіре, тағдыр — тарих. «Ел ерімен еңселі», «Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат. Осындай халықтың қаһарман ұлдарының бірі Ғазиз Әбдібекұлы Байтасов. Тараз қаласында террористен халықты қорғаймын деп қапыда көз жұмған Қазақстан полициясының капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі бүгінде аңызға айналды.
Халық қаһарманының құрметіне 2021 жылдың 2 шілдесі күні Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының ІІО Әкімшілік қызметі кафедрасының оқытушысы полиция подполковнигі Бауыржан Ілияс пен кафедра оқытушысы полиция капитаны Абзал Ануарұлының ұйымдастыруымен алғашқы кәсіби даярлық курсының 1-оқу тобы мен 2-оқу тобы арасында викторина өткізілді.  Сайыс 3 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең «Танысу»,  бұл кезеңде оқу топтарымен «Ерлік» және «Жалын» топтары болып екіге бөлініп, әр топ ұраны мен тақырыпқа сай суреттерін таныстырып, сайысқа түсті. Келесі «Сұрақ – жауап» кезеңінде қатысушылар Ғазиз Байтасовтың өмірі мен қызметіне байланысты білімдерімен бөлісті. Соңғы кезең «Жол жүру ережесі», бұл кезең қатысушылардың ҚР Жол патрульдік полициясының қызметіне байланысты білімін тексерді. Сайыс қорытындысы бойынша «Жалын» тобы жеңіске жетіп,  алғыс хатпен марапатталды.

Викторинаның мақсаты жастарға халықтың қаһарман ұлы, кеудесін оққа тосқан батыр Ғазиз Әбдібекұлы Байтасовтың өшпес ерлігін есте сақтап, өз мамандығына қалтқысыз қызмет көрсеткен ерге тағзым ету.
Батырдың ғұмыры – қысқа болғанымен, ерлігі – дастан…

ІІО Әкімшілік қызметі кафедрасының оқытушысы
полиция подполковнигі Бауыржан Ілияс