Ғылымға алғашқы қадам

«Оқысаң ғылым қорын білім асар,
Көңілдің кіршік басқан көзін ашар».
Шәңгерей Бөкеев

«Өнер — ағып жатқан бұлақ, ғылым — жанып тұрған шырақ» деп бекер айтылмаған. Академия шаңырағына ғылым шырағын жағу үшін биыл да еліміздің түпкір-түпкірінен бір топ ғылым қуған жас ғалымдар жиналды. Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қабырғасына өз білімдері мен біліктіліктерін жетілдіру үшін Қазақстанның әр облысынан жиналған ғылыми және педагогикалық магистратурасының 1 курс магистранттарымен Академия басшылығы кездесті.
Кездесуге Академия бастығының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі С.И. Каракушев, магистратура бастығы (PhD) докторы, полиция майоры Е. Кайнар, кафедра бастықтары, ғылыми-зерттеу орталығының бастығы қатысты. Алғысөзден бастаған Академия бастығының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі С.И. Каракушев магистранттарды оқу жылының басталуымен құттықтап, білім қуып келген қызметкерлердің ғылыми еңбектеріне табыс тіледі. Сонымен қатар, Академия бастығының орынбасары магистранттарға «білім инемен құдық қазғандай» екендігін ұғынуларын, ғылым жолының ауырпалығын көтере жүріп, аянбай еңбек етіп, сонда ғана мақсаттарына жететіндіктерін айтты.
Сондай-ақ, кездесу барысында магистранттарға жеке жоспар құру, диссертация тақырыбын таңдау, ғылыми жетекшімен жұмыс жасау, ғылыми-ізденушілік жұмыстармен айналысу бойынша сілтеме бағыт берілді.
Одан әрі сөз алған бөлім бастықтары Академияға ғылыммен айналысу үшін аяқ басқан жас ғалымдарға алдағы оқу-зеттеу жұмыстарында сәттілік тіледі.

Магистратура бөлімі