ІІО қызметкерлерінің коммуникативтік құзыреттілігінің маңыздылығы

Тиімді қарым-қатынас жасай білу – баға жетпес байлық. Осы байлыққа ие адам қоғамда өз орнын тауып, үйлесімді өмір сүре алады. Болып жатқан жағдайды сол қалпында қабылдап қадірлей біледі. Өзімен де басқамен де жарасымды өмір сүре алатындай тұлға ретінде қалыптаса алады.
Осы орайда, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне стресске төзімділікті, халықпен ықпалдасу, тиімді қарым-қатынас жасау дағдыларын, кәсіби деформацияның алдына алудың әдістерін, жағымсыз эмоцияларға берілмеуді және менеджмент пен жобалық басқару құралдарын үйрету мақсатында Қостанай академиясының біліктілікті арттыру және қайта даярлау факультетінің тыңдаушыларына психологиялық даярлау бағыты бойынша, КПДжІІОБ кафедрасының оқытушылары Н.Ж.Турсумбаева мен С.Т. Бальшенова онлайн тәжірибелік сабақ өткізді. Тәжірибелік сабақ үш күн қатарымен, әр түрлі салада жұмыс жасайтын қызметкерлермен өтті. Жол патрульдік полиция қызметкерлеріне — «ІІО қызметкерлерінің кәсіби қызметіндегі мінез — құлықты басқарудың жолдары мен тәсілдері», ал ҚАЖД жеке құрамы бойынша инспектор – психолог қызметкерлеріне «ІІО қызметкерлерінің коммуникативтік құзыреттілігі және тиімді әрекеттесу тәсілдері» және «ІІО қызметкерлердің кәсіби деформацияның алдына алу» атты тақырыптар бойынша тәжірибелік сабақтар өтті.
Аталған тақырыптар аясында тәжірибелік жаттығулар өз орнын тапты. Өткізілген жаттығулар жұмысқа деген құлшынысты арттыруға, әріптестермен тиімді қарым-қатынас жасай отырып, ұйымшылдықты нығайтуға, түрлі көңіл-күйде кездескен азаматтарға сыпайы қарым-қатынас үлгісін көрсетуге және күйзелістен арылып, серпілуге бағытталған. Сабақ соңында тыңдаушылар бір-бірімен өз жұмыс салалары бойынша тәжірибе алмасты.

КПДжІІОБ кафедрасының аға оқытушысы,
полиция капитаны
Н.Ж. Турсумбаева