Тәуелсіздік күнгі тағылымды тәрбие

2019 жылдың 16 желтоқсаны 2-курс курсанттары үшін тәрбиеге толы демалыс күндерінің бірі болды, себебі курсанттар Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» көркем драмалық фильмі мен «ҚазБат» деректі фильмін тамашалады. «ҚазБат» деректі фильмінің сюжеті 1993 жылы Тәжікстанда болған азамат соғысынан басталады. Елдің Ауғанстанмен шектесетін аймағы қауіпті болғандықтан бұл шептің қорғанысын нығайту үшін ТМД елдерінің Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей армиясынан жасақталған жауынгерлері аттандырылады. 1995 жылдың 7 сәуірі тәжік-ауған шекарасы, Пшихарв шатқалы — қанды оқиғаның болған орны. Содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан Пшихарв шатқалында ірі қақтығыс болады. Сол сәтте шекара шебін қазақстандық 7-рота қорғап тұрған болатын. Түс мезгілінде басталған ұрыс 5 сағатқа созылып, соның салдарынан 33 қазақстандық сарбаз жарақаттанса, 17 жауынгер қаза тапты. Бұл оқиғаны бірі білсе, бірі білмес. Дегенмен, бұл нағыз мақтанышпен айтарлық , тек өз елі үшін емес, өзге елдің шекарасында ерлік танытып қаза тапқан ағаларымыз жайындағы деректі фильмді Тәжікстан Республикасынан келген курсанттар да тамашалады. Осы деректі фильм курсанттарды сыйластыққа, жақындастыққа үйретті деп нық сеніммен айта аламын. Осы деректі фильм Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» киносымен жалғасты. Бұл кино картинасының негізгі сюжеті ана махаббатының қуатты күшінен бастау алады. Бұл дәуір ұжымдастыруды, халыққа қайғы әкелген жұтты, Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі Қазақстанның қиын кезеңдерін сипаттайды. Картинаның басты кейіпкері Ілияс ерекше рухты, ерлік пен отансүйгіштікті және керемет қайсар мінезді ер екенін көрсетеді. Ол тағдырдың ауыр соққыларымен бетпе-бет келеді: балалар үйі, сұрапыл соғыс, тұтқынға түсу, жазасын өтеушілер лагеріне тап болады. Анаға деген махаббат осынау құдіретті күштің арқасында кейіпкер кездескен ауыр қиынышылықтарды жеңіп шығады. Нағыз ана қадірін түсінуге жетелейтін бұл кино барлық курсанттарға өте қатты ұнады. Арасында көзіне жас алғандары да болды. Ана – ол кімнің де болсын тірегі, ақылшысы, жүрегі. Курсанттарымның бұл кинодан анаға деген махаббаттың, сағыныштың, сыйластықтың қандай болу керек екендігі жайлы тәрбие алғанына сенімдімін. Тәуелсіздік күні болған демалыстың курсанттарымның дәл осылай өткізгеніне қуаныштымын. 2-курс курсанттары нағыз ата-ана қадірін білетін, өз еліне адал қызмет ететін патриот болатынына сенемін!!!
2 курс бастығының орынбасары
полиция капитаны
Н. Бақытқалиұлы