Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

Тәуелсiздiктiң қайта оралғаны – бiздiң ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресiнiң заңды өтеуi. Жаратқан иенiң жасаған әдiлдiгi. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жердi ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен қорғап қалғанының арқасы. Мұндай жер болмаса, мұндай елде болмас едi.

                                                                                                        Н.Ә. Назарбаев

Міне, биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының жиырма сегізінші жылына қадам басып отыр. Ия, Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың нағыз батыр халық екенін мойындайсың. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз,» — дейді Қазыбек би. Бұл даналық нақылдардан «ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің» ежелден құт-береке тілеп, бейбітшілік аңсаған ел екенін көреміз. Халқымыз өзінің қалыптасу жолында талай қилы-қилы белдерді асып, тар жол, тайғақтарды кешті.

Осындай ұлы мерекенің қарсаңында ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетімен Желтоқсан оқиғасының куәгерлері болған тұлғалар шақыртылды. Аталған қонақтар ғылыми және педагогикалық магистратураның магистранттырымен кездесу өткізілді. Іс-шараның құрметті қонақтары Еленов Стахан Нурханович, Маулетова Бахытгул Жақсылыққызы, Мәулетов Ғалихан Нұржанұлы – бейбітщілік пен тәуелсіздік жолындағы ұмытылмайтын қасіретті көзбен көрген куәгерлері.
Атап айтсақ, Еленов Стахан Нурханович саяси куғын-сүргін құрбанының баласы. Қиындыққа толы балалық шағын еріксіз көз-жасымен еске түсіреді.  Репрессия құрбаны болған әкесі ақталғанымен, артында қалған ұлының жан жарасы жазыла қойған жоқ.

Сталиндік саяси куғын-сүргін тарихымыздың «ақтаңдағы» емес, жиі-жиі еске алар, еске алған сайын ертеңді ескертер ауыр жара. Бұл дүрбелең — мыңдаған боздақтар құрбан болған өткелсіз өткеніміздің құрдымы. Талай батырларымыз бен ұлт қайраткерлері халқын бостандық таңына жеткізуді армандап, сол жолда жанын пида етті. Стахан Нурханұлы өз сөзінде: «Біз осы қиындық атаулыны қазақ халқы бір ғана күшпен жеңді, ол — тату-тәтті тірлігіміз бен бірлігіміз. Егемендікке қол жеткізу үшін сол заманғы ұрпақ қандай қиындықтарды еңсеріп, қандай азаптарды бастан кешкендерін жас ұрпаққа әр кез айтып отыру керек» — дейді.
Ғалихан Нұржанұлы Мәулетов ұзақ жылдар бойы КГБ органының Қостанай облыстық басқармасында Ерекше маңызды істер жөніндегі аға тергеуші болып қызмет істеген, отставкадағы подполковник.  Алматыдағы 1986 жылғы 16 желтоқсан оқиғасына қатысып, сол күнгі қиямет күнді, ұлттың азаттығы үшін мехнат шеккен жандар туралы ойларымен бөлісті.
Өткенді еске алып, көз көрген, құлақ естіген кісілердің әңгімелерін есту жастар үшін өз алдына өте әсерлі, өнегелі болды.
Аталмыш іс-шара жас ғалымдарға ерекше патриоттық көңіл-күй сыйлады. Осындай ұлағатты тарихымызды білу, оны құрметтеу біздің тұлғалық парызымыз.

Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр себеді. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді. Ежелден бері көшіп қонып өмір сүрген ата бабамыз үш нәрсені бойтұмардай сақтап қадірлеген. Ол-ел, жер және ана тілі. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды. Ендігі кезекте, ата-бабамыздан асыл мұра болып қалған асыл қазыналарымызды сақтап қалу өскелең ұрпақтың міндеті.
Сөз соңында айтарым, «Мен Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағымын! Осындай бейбіт елде өмір сүрудің өзі үлкен бақыт емес пе? Тәуелсіздік сыйлаған мүмкіндіктерді пайдалану, өз қызметімнің жақсы маманы болуға деген мақсатқа жол бастайды. Осындай адамдардың ұлағатты әңгімелерін тыңдау арқылы, өзіңнің әлемдегі ең бақытты адам екендігіңді түсінесің. Тар жол, тайғақ кешкен бабаларымыздың арманы ұрпақтарына осындай жарқын болашақ сыйлау еді. Ендеше, Тәуелсіздігімізді, тілімізді, мәдениетімізді аялайық, қастерлейік, еліміздің өрлеуіне өз үлесімізді қосайық. Жылдар бойы ұйытқып соққан самал жел, шаңырағымызды шайқалтпасын. Ұлан-ғайыр дала азаттықты аңсаған алты алаштың айбынды ұл-қыздарының Рухы қолдасын!»

Жоғары оқу орынан кейінгі білім беру факултетінің
2 курс магистарнты
әділет аға лейтенанты
Қабай Манар