Тәжірибелік қызметкерлер өз тәжірибелерімен бөлісті

Оқытудың тәжірибелік бағытын нығайту мақсатында күндізгі оқыту факультеті курсанттарының сабағына біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының тыңдаушылары мен магистратура магистранттарын қатыстыру бүгінде жақсы дәстүрге айналды.

Курсанттарды болашақ мамандықтарының түрлі саласымен таныстыру мақсатында 2019 жылдың 11-13 қыркүйегі аралығында Күндізгі оқыту факультетінің 3-курсының 303, 304 оқу топтарының курсанттарының «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару құқығы (Ерекше бөлімі)» пәні бойынша «Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды құқықтық реттеу» тақырыбындағы оқу сабақтарына Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының тыңдаушылары — Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД ЗК-169/4 мекемесі сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, әділет капитаны Дайрабаев Қанат Молдабайұлы, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД ЗК-169/5 мекемесі сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, әділет капитаны Ералиев Думан Махсұтұлы және ғылыми және педагогикалық магистратурасының 2 курс магистранты, әділет подполковнигі Наурызбаев Бақыт Әбибуллаұлы, ғылыми және педагогикалық магистратурасының 1 курс магистранты, әділет капитаны Бимолдинов Алиби қатысты.

Тәжірибелік қызметкерлер болашақ офицерлерге жалпы қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі, мекемелердің атқаратын қызметтері мен өздерінің атқарып жүрген тәрбие жұмысы бағыты бойынша ақпарат берді. Нақты айтқанда, сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысын өткізу тәртіптері, талаптарымен және әдістерімен таныстырды. Түзелу жолындағы сотталғандармен тәрбие жұмысын дұрыс өткізу, босатуға дайындық жасау және айыппұл түріндегі жаза, түзеу жұмыстары түріндегі жаза, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза, бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза және оларды орындау тәртібі мен шарттары және т.б. сұрақтар қарастырылды.

Сонымен қатар, тәжірибесі мол тәрбие бөлімінің қызметкерлері курсанттарға нағыз офицер атағына сай болудың қыр-сырын, еліне адал қызмет ету мен ел алдындағы борышын мүлтіксіз орындау туралы патриоттық бағыттағы ақыл сөздерін де айтты.
Осы сынды кездесулердің курсанттар үшін маңызы өте зор, өйткені олар оқу орнының қабырғасынан бастап тәжірибелік қызметтің қыр-сырын біле бастайды, қызметін атқару уақытында шамалы болса да әр бөлімнің жұмысымен таныс болады.
Курсанттар тәжірибелік қызметкерлерге толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, толық, танымды және нақты жауап алды.

ҚҚАҚжК кафедрасының оқытушысы
полиция капитаны
А. Мұрат