Тіл – әрбір елдің жаны

Тіл деген – алып мұхит түбі терең,
Піспегі толқын шашқан күбі ерен.
Қадірін тілдің сұра сақаулардан,
Көзіне жас алып бір күбірлеген.
Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы,
Арманның қиял жетпес баспалдағы.
Қадірін тілдің сұра мылқаулардан,
Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.
Тіл деген – адастырмас темірқазық,
Өрісі магнитінің өмірге азық.
Қадірін тілдің сұра кереңдерден,
Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып.

Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,– деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Қазақстан Республикасы қазақ тілінің ғана емес, қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр. Осы ретте ҚР Үкіметінің қаулысымен 5 қыркүйек «Қазақстан халқы тілдері күні» деп жарияланған болатын.

Бүгінгі күні біздің елімізде тілдердің үш тұғырлығы деген жаңа термин де пайда болды. Әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де жетік білу талап етілуде. Осыған орай жас ұрпақтың білім ордаларында үш тілді жетік меңгеріп жатқаны көңіл қуантады.

Көп тіл білсең көкжиегің кең болар,
Құрметтейді кісі екен деп төрге озар.
Қай елде жүрсең де ең дұрысы,
Мемлекеттік тілде сөйлеген жөн болар.

Тіл – қай елде болмасын қастерлі, құдіретті, рухани әрі тарихи құндылық болып саналады. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту барысында  ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының ІІО әкімшілік қызмет кафедрасының оқытушылары М. Жұмашев және  А. Әбдәлінің ұйымдастыруымен 4-курс курсанттары үш тілде ұлы ақын, композитор, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен үзінді оқыды.