Тіл – достық көпірі

«Ана тілі арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте»

Әр ұлтқа өз тілі – құдыретті, қастерлі. Ол әрбір адамға ана сүтімен дарып, қалыптасады. Туған тілі — атадан балаға мирас болып қалатын мақтанышы, ең басты байлығы! Туған тілі туралы жырламаған ақын, жырламаған жазушы жоқ.

Тіл – адам қарым-қатынасының маңызды құралы, тілсіз қоғамның, халықтың дамуы мүмкін емес. Тіл – достық көпірі — дәл осы тақырыпта Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеуге байланысты 2019 жылдың 11 қыркүйегі күні Академия қабырғасында іс-шара өткізілді. Іс-шараға біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының тыңдаушылары, күндізгі оқыту факультетінің 301,303,407,409 оқу топтарының курсанттары қатысты.
Мерекелік іс-шараны 2 курс курсанты Виктория Вьюшкина «Ана тілім – алтын бесігім» өлеңімен және қылмыстық, қылмыстық-атқару құқығы және криминология кафедрасының бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Гүлмира Нуруленқызы Кажикова «Тіл тағдыры» атты баяндамасымен ашты.
Мерекелік іс-шараға арнайы қонақ ретінде «Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі» ММ «Южный» кітапхана-филиалының қызметкері
Ш.Е. Абильтаева шақырылды. Шолпан Елегенқызы қатысушыларға «Тіл – достық көпірі» тақырыбында баяндама оқыды.

Іс-шараны одан әрі Академияның мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы Елмұратов Құрбанәлі Сегізбайұлы «Алаш арыстары және мемлекеттік тіл» тақырыбындағы өзінің баяндамасы арқылы мемлекеттік тіл мен Алаш арыстарының – тіл жанашырларының өлеңдерімен таныстыра отырып, мәнді де мағыналы баяндама оқыды.

Сонымен қатар, дарынды курсанттар қатарынан шыққан Ибрагим Айзада «Ана тілім» өлеңі мен Ерболат Лашын өзінің туындысын оқыды.

Кітапхана меңгерушісі Сания Қайрашқызы Жиентаева «Ұлттың болашағы тілінде» тақырыбындағы көрме ұйымдастырып, тіл туралы жазылған ақын-жазушылардың туындыларымен таныстырып өтті.

Сондай-ақ, мерекелік іс-шараға Академияның домбырашылар ансамблі өздерінің орындауларындағы күйлерімен қатысушылар қауымын бір марқайтып тастады.
Еліміз аман, іргеміз бүтін, тіліміз тұғырлы болсын! Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтей білейік!

Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институты
Қылмыстық, қылмыстық-атқару құқығы
және криминология кафедрасы