Тергеу тәжірибесінің мәселелері

Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу департаментінің 2020 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес, сонымен қатар жаңартылған қылмыстық және қылмыстық процестік заңнамалар жағдайында тергеу жұмысын жетілдіру, полиция қызметкерлерінің имиджін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 4 наурызында ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының базасында ІІО тергеу және анықтау бөліністері бастықтарының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі жергілікті семинар-жиыны өткізілді.
Жергілікті семинар-жиыны тергеу департаменті, сот, прокуратура, сот сараптамасы институты, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Көліктегі ПД өкілдерінің, сонымен қатар Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен магистранттарының қатысуымен өткізілді.

Жергілікті семинар-жиынының ашылуы Академия бастығы полиция полковнигі Н.А. Биекеновтің қатысушыларға келген қонақтарды таныстыруынан және мұндай семинар-жиынның өткізілу өзектілігін ашып айтуынан басталды.
Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қ.С. Дюсембеков семинар-жиынның модераторы ретінде келген қонақтардың баяндамаларын тыңдауға жол берді, атап айтқанда Қостанай қаласы мамандандырылған тергеу сотының төрағасы А.А. Раисовтың «Қылмыстық қудалау органдарымен судъялардың өзара әрекеттесуі туралы»; Қостанай қаласы прокурорының орынбасары Р.А. Кусаевтың «Сотқа дейінгі тергеп тексерудің заңдылық жағдайы сұрақтары бойынша»; Қостанай облысы сот сараптамасы институты директорының орынбасары Г.В. Колотконың «Тергеу органдары және сараптама бөлімдерінің өзара әрекеттесуін жетілдіру туралы»; Кәсіби-психологиялық даярлық және ІІО басқару кафедрасының бастығы, ф.ғ.к., полиция полковнигі А.М. Таукенованың «2019-2021 жылдарына ІІО жаңғырту бойынша жол картасын жүзеге асыру сұрақтары» атты баяндамалары тыңдалды. Тергеу және анықтау бөлімдерінің қызметкерлері тарапынан баяндамаларға қатысты қойылған сұрақтар талқыланып, өз шешімін тапты. Тергеу тәжірибесінде орын алып жатқан сараптама тағайындау, дәрігерлік куәландыру, тергеу жүктемесі және тағы басқа өзекті мәселелері жөнінде қойылған сұрақтары бойынша ерекше көзге түскен Петропавл станциясы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі К.А. Омаровты, Тобыл қаласы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Е.А. Сералинді, Көкшетау станциясы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Т.С. Муханбеталинді атап өтуге болады.
Сонымен қатар Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қ.С. Дюсембековтің «Тергеу бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыруда басшылардың рөлі туралы» атты баяндамасы тыңдалды және өзінің тергеу саласындағы мол тәжірибесімен бөлісе отырып, орта буын басшылардың қызметін жетілдіру бойынша ақыл кеңесі берілді.

ҚП және К кафедрасының доценті
полиция подполковнигі
Д. Амангельдиев