Теория мен практиканы ұштастыру

2021 жылдың 26 наурызында Ішкі істер органдарында әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру кафедрасының оқытушысы полиция майоры А.Ж. Садыков кәсіби дайындық факультетінің 3 курс, 309 оқу тобының курсанттары арасында «Пробация қызметін ұйымдастыру» пәні бойынша «Жазаны өтеуді кейінге қалдыру қолданылған сотталған жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдер мен жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін ер адамдардың мәнез-құлқын бақылауды жүзеге асыру тәртібі» тақырыбында Алматы облысы ҚАЖ департаментіне қарасты Көксу аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы әділет майоры Саят Әбілмұратұлы Жолдыбаевты оқу процесіне тарта отырып, онлайн сабақ өткізілді.

Сабақ барысында Саят Әбілмұратұлы пробация қызметінің есебінде тұрған, жазаны өтеуді кейінге қалдыру қолданылған сотталған жүктi әйелдердің және жас балалары бар әйелдер мен жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін ер адамдарға қатысты сот үкімдерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында, оларды пробация қызметінің есебіне алу тәртібі мен жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл тәртібі бойынша баяндама
жасады.

Сонымен қатар тәжірибелік қызметкер бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды өтеудің тәртібі мен шарттарына, пробация қызметінің жұмыс ерекшелігіне, сондай-ақ пробация қызметінің жергілікті полиция қызметімен өзара іс-қимылын іске асыруға байланысты мәселелерді баяндады. Сонымен қатар, практикалық қызметкер өз ауданындағы пробация субъектілерінің пенитенциарлық мекемелерден босатылған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызметінің қазіргі жағдайына баға берді. Қойылған сұрақтарына алынған жауаптар, тәжірибелік қызметкер жұмыс барысы туралы ұсынған ақпарат, курсанттардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырды.

Ішкі істер органдарында
әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру
кафедрасының оқытушысы
полиция майоры
А.Ж. Садыков