Сөз өнерінің сардары

Қазақтың аса көрнекті жазушысы Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы 15 қарашада қазіргі Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында туған. Жасқа жетпей әкеден, он екіде анадан айырылады. Ағайын-туыстарының көмегімен ауылдық, болыстық мектептерге барады. Троицкідегі «Уазифа» медресесінде бір жыл, Уфадағы «Медресе Ғалияда» үш жылдай оқып, білім алады.
1916-1921 жылдары ауылда оқытушы, кейінгі жылдары баспасөз салаларында қызмет атқарды.
1938 жылы жала жабылып, жазықсыз құрбан болды.
Бейімбет қиын заманда туып, қилы кезеңде өмір сүрсе де, қысқа ғұмырында артына мәңгі өлмейтін, өшпейтін қомақты мұра қалдырып үлгерді. «Күлпаш» әңгімесі мен «Шұғаның белгісі» повесі секілді шығармалары қазақ әдебиетіндегі классикалық туындылардың көшін бастайды.
Бейімбет аз оқыды. Бірақ ол осындай тамаша туындылар жазуына кедергі болған жоқ. Өйткені бойындағы талантты өмірдің өзінен үйрене жүріп, жетілдірді. Осылайша әдебиеттің поэзия, проза және драматургия жанрларында бірдей еңбек етті және кереметтей дүниелер әкелді.
Жалпы жиырмасыншы ғасырдың басы қазақ әдебиеті үшін аса жемісті кезең болды. Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Сәкен, Ілияс, Бейімбет және басқа да алаш арыстары осы салада тынбай еңбектенді. Әсіресе, Би ағаңның қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн.
Бейімбетке тән бір қасиет – аса еңбекқорлық. Ол – ұлт қамы жолында ешнәрседен қайтпайтын қайсар әрі өте төзімді қайраткер. Барлық уақытын жазуға, қазақтың жоғын түгендеуге арнаған жан. Сәбит Мұқанов оны былайша сипаттайды: «Жұмысының көптігі және өнімділігі жағынан Бейімбетке теңдесетін қазақ жазушысы, әсіресе – журналисі аз болатын. Бейімбет сұлу жазатын адам да және өте жылдам жазатын, жазғанын қайта көшіретін әдет онда жоқ та».
Иә, қадамын қалт-құлт басып келе жатқан қазақ әдебиетін тезірек қанаттандыру жолында аянбай еңбек еткен екі адам болса, соның біреуі – Бейімбет деп сеніммен айта аламыз. Өзінің жұмысымен қатар, өзгелердің ісіне де уақыт тауып, қолғанат болған – тағы да Бейімбет. Шала ұйқы, жұпыны тұрмысты қанағат тұтты, есесіне көп дүние жасап үлгерді. Әдебиетке жаңадан келген талай талапты жастарға демеу болды, қалам ұштауға септігін тигізіп, дұрыс бағыт сілтеді. Оның қатары: Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, А.Тоқмағамбетов және тағы басқалар болып жалғаса береді.
Би ағаңның көп шапағатын көрген Ғабең: «Бейімбет екеуміз Аманкелді бастаған қозғалыс жайында очерк жазуға кірістік. Жиырма шақты тақырыпқа бөліп алып, біреуіміз бас жағын, біреуіміз екінші бөлімін жазуға келісіп едік. Бейімбет бұрқыратып жазып кетті де, мен кешеуілдей бердім. Сондықтан Бейімбет мені қатал тәртіпке көшірді:
— Бір очеркті мен жазамын, келесі очеркті – сен. Маған екі күн, саған үш күн.
Осыған еріксіз көшіп, очеркке отырдық. Бейімбет ылғи үлгереді, мен созыңқырап кетемін. Әрең деп ілесе алдым-ау, әйтеуір…», – деп қаламгер ағасымен өткізген сол күндерді сағынышпен еске алады. Және бұны айтып отырған басқа-басқа емес, сөз зергері – Ғабит Мүсірепов.
Кейіннен осы очерктің негізінде, Бейімбет пен Ғабит бірлесе отырып, қазақтың тұңғыш көркем фильмі – «Амангелдінің» (1938) сценариін жазады.  Бірақ картинаның экранға шыққан қуанышын Бейімбет көріп үлгермейді. Түрмеге қамалған болатын. Ұзамай атылады.
Қазақ тарихындағы осы тырнақалды киноның басты рөлдерін біздің даңқты жерлестеріміз, атап айтқанда, өнер саңлақтары – Елубай Өмірзақов (Аманкелді), Серке Қожамқұлов (Бекет), Қапан Бадыровтар (Қаратай) сомдағанын зор мақтанышпен айта аламыз. Алматының Жамбыл ауылында түсірілген киноның кадрына Жамбыл Жабаевты да түсіріп алу (сол кезде көзі тірі), картинаға жауапты адамдардың тарапынан ұтқыр шешім болғанын және оның тарихи маңызы зорлығын атап өтуіміз қажет.
Қаламгердің шығармашылық шеберханасына келсек, көз көрген замандастары: «Жазумен шұғылданған шақтарында Бейімбет қаламды оң қолымен жүргізіп, сол қолымен маңдай шашын бұрап отыратын» (С. Мұқанов). «Бейімбеттің бір қасиеті – жұрт шуласып жатсын, көшіп жатсын, сол қолымен маңдай шашын бұрап отырып жаза беретін» (Н. Рахымбаев), деп суреттейді. Бір қызығы, Бейімбеттің жұмыс үстіндегі сәтін көптеген көнекөз қариялар көз алдарына осылайша елестетеді. Би ағаңның біраз суреттері сақталып қалған. Бірақ соның арасынан осы кейіптегісін кездестірмедік. Бәлкім, бар да шығар. Бізге мәлімі – әзірге осылайша сөзбен салынғаны ғана.
Бәріне де уақыт төреші. Ертелі-кеш ақиқат айтылмай қоймайды. Қалайда әділдік салтанат құрады. Оны биыл туғанына 125 толған Би ағаңның мысалынан айқын аңғарамыз.
Шола қарайықшы: 1938 жылы халық жауы ретінде 43 жасында ату жазасына кесілген жазушы 1958 жылы толық ақталды. Артында қалған мол мұрасы табылуына қарай, барынша толықтырылып шығарылып келеді. Себебі, «Тобылдың қазақ даласындағы ең үлкен, ең пайдалы өзендердің біреуі болуы сияқты Бейімбет те қазақтан шыққан ең үлкен, ең пайдалы жазушылардың біреуі». Осы өзеннің сол жағалауына орын тепкен әсем қала – Қостанайдың орталық көшелерінің бірі 1965 жылы жазушының атымен аталды. 1994 жылы теміржол вокзалы алаңына Би ағаңның ескерткіші орнатылды. Осы жылы, өзі туып-өскен, кіндік қаны тамған ауданға құрметті есімі берілді. Қостанайда жазушыға арналған республикалық ақындар айтысы, өзге де айтулы іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сайып келгенде, соңына мәңгі өлмейтін, өшпейтін бай мұра қалдырған сөз өнерінің сардары Бейімбет Майлинді қайта танып, үлгі-өнеге алу – игі іс, тағылымды тәрбие.

Мемлекеттік тіл бөлімшесі бастығы
Қ. Елмұратов