Полицияның  заманауи аспектілері

ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында 4-6 қарашада  үш күндік тренинг өткізілді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша Мемлекет басшысы Жолдауының ережелерін талқылау жаңа форматтағы полицияны қалыптастырудағы ведомстволық білімнің рөлі ескеріле отырып, әр облыста тренигтер өткізілуде.  ІІМ Кадр саясаты департаменті мен Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі кеңесшісі Эльмира Хисамутдинованың  жетекшілігімен тренингтің алғашқы күні ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының және Қостанай облысының Полиция департаментінің қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
Министрлік Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен учаскелік инспекторлардың нәтижелі жұмысы үшін қадамдық алгоритм әзірледі, учаскелік полиция инспекторларына арналған Нұсқаулық  дайындады. «Нұсқаулық учаскелік полиция инспекторларының іс-қимылдарының қадамдық алгоритмін айқындауды көздейді, бұл халыққа қызмет көрсету кезіндегі қателіктерді жоюға мүмкіндік береді, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындаудың біркелкілігі мен айқындығын қамтамасыз етеді. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай Нұсқаулықтар заңнамадағы өзгерістерді және полиция жұмысының нысандары мен әдістерін жетілдіруді ескере отырып, кезең-кезеңімен өзектілігі арттырылып отырады.
Екінші және үшінші күні академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлеріне «Полицияның заманауи аспектілері — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдер» тақырыбында тренинг өтті. Негізгі мақсат — ішкі істер органдары мен полиция қызметін қызметтік модельге көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды түсіндіру. Ұйымдастырушылардың сөзінше, инновациялар алдымен ведомстволық жоғары оқу орындарының курсанттарына жетуі тиіс. Себебі ертеңгі құқық қорғаушылар қызметін жаңа форматта бастауы керек.
Тренингтің соңғы күні қатысушыларға сертификаттар табысталды және академияның ІІО әлеуметтік жұмыстарды ұйымдастыру кафедрасының бастығы Нұрлан Тулкинбаев ұйымдастырушыларға алғыс сөзін білдірді.

Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің
инспекторы Қ.Нағашыбай