Нұр-сұлтан қаласы одан әрі гүлдене бер!


Ағымдағы жылдың 6 шілдесінде Академияның акт залында Нұр-сұлтан қаласының туған күнін мерекелеуге орай, Академия бастығы полиция полковнигі Нұрлан Биекенов күндізгі және сырттай оқыту факультетінің курсанттарын Нұр-сұлтан қаласының туған күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы полиция майоры Медетбек Смағұлов курсанттарға Нұр-сұлтан қаласы туралы бейнеролик көрсетіп, тарихына шолу жасады.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасап, 1997 жылы 20 қазанда астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қойды. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде мерекеленіп келсе, 2006 жылдан бастап елорда күні 6 шілдеде аталып өтіледі.
Академияда білім алып жатқан курсанттарымыздың арасында Нұр-сұлтан қаласымен «түйедей құрдас» 3-курс курсанты полиция қатарындағы Ризат Сейлкановты сөзге тарттық. «Бүгінгі таңда, Нұр-сұлтан қаласы көздің жауын алады. Әлем елдері көшбасшыларының басын қосқан, зәулім де әсем ғимараттарымен барша халықты таң қалдырған, әлемге өзін танытқан қала. Осы мереке күні Академия басшылығын, профессорлық-оқытушылық құрамын және курсанттарды қуанышқа толы мерекемен құттықтаймын. Барлықтарыңа зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілеймін», — деп сөзін аяқтады.
Бұл күн жалпыхалықтық мейрамға айналып, еліміздің әр өңірі ерекше атап өтеді.
Бүгінгі мерекемен құттықтап, жарқын қаламыз одан әрі гүлдей жайнап, әлемнің көрікті қаласы болсын. Тамаша мереке күні шаңырақтарыңызға құт-береке, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!

Баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы
О.Уақпаева