МЕМЛЕКЕТТІК ӘРІ ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» – деп мемлекеттік тілдің болашағы зор екенін нық сеніммен атап көрсеткен болатын. Ел Президентінің сөзі көпшіліктің көңілінен шықты. –Неге? Себебі, сөз, ең алдымен, қазақ тілінің тұғыры одан әрі нығая түсетіні және оның ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатыны жөнінде болса, екіншіден, осы бағытта жұмыла жұмыс жүргізу қажеттігі турасында айтылды. Жалпы бұны мемлекеттік тілдің кезекті қадамы, екінші тынысы ретінде бағалауға болады. Өйткені ана тіліміз жаңа кезеңге көшетін болады. Ол үшін үкіметтік деңгейде арнайы жұмыстар жүргізіледі. Алайда оны күтіп отырмай, әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Және ол Президентіміз айтқандай, даңғазалыққа салынбай, жұмыла жүргізілуі тиіс.
Сонымен, аталған мәселеге байланысты қандай жұмыстар қолға алынуы керек? Біздіңше, негізгі назар тілдік орта қалыптастыруға бағытталғаны жөн. Неге десеңіз, тілдік орта жасалса, тілдің тынысы кеңіп, қанаты жайыла түседі. Сонымен қатар тілдік орта айналасын өзіне үйіре тартып, баурай жөнелетін ерекше күшке ие. Осындай кереметтей ортаны қазіргі қолданыстағы мемлекеттік тілдің айналасына неге ұйыстырмасқа. Ол үшін әрбір мекеме мен ұйым күнделікті қызметінде қазақ тілін тұрақты тұтынып, оның қолданыс аясын кеңейте түссе болғаны. Өз кезегінде, оның нәтижесі мемлекеттік тілдің көсегесін көгертпей қоймайды. Қазақ тілін қалайда Қазақстанның тілі етеді.
Қазіргі таңда біздің оқу ордамызда білім алып жүрген курсанттардың басым дені қазақ тілінде – мемлекеттік тілде білім алады. Қызметкерлерге қазақ тілін оқыту сабақтары жүргізіледі. Ісқағаздарын жүргізу мемлекеттік тілге көшірілген. «Академияда қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шарлар жоспары» әзірленген және онда көзделген шаралар уақытылы орындалып келеді.
Асылы, алыс жолды бірнеше қадамдардың нәтижесінде бағындыруға болатыны секілді, қазақ тілі өз тұғырына орнығып, ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналсын десек, онда күнделікті өмірде не қызметте болсын, қазақ тілінде сөйлеуіміз қажет. Осылайша әрқайсымыз қазақ тілінің елімізде ұлтаралық қатынас тіліне айналуына өзіндік үлесімізді қосамыз. Ал ол өзін Қазақстан Республикасының азаматы санайтын әркімнің де қолынан келетін іс. Бұған қоса, Ел Президенті алға қойған мұндай мәртебелі міндетті атқару әрбіріміздің азаматтық борышымыз екенін ұмытпауымыз керек.

Ішкі және сыртқы
коммуникациялар бөлімшесінің бастығы
Қ.ЕЛМҰРАТОВ