ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДЕГІ КЕЙБІР ТІЛДІК МӘСЕЛЕЛЕР

Қазіргі таңда қазақ тілі үшін әліпби мәселесі, яғни қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне латын графикасын сәйкестендіру, жаңа төл әліпби құрастыру, оңтайлы емле-ережені қалыптастыру мәселелері өзекті болып отыр. Осы тұста тарихи-саяси себептермен қазақ тілі араб, латын, кирилл жазуларына негізделген әліпбилерді пайдаланып, түрлі графемалық өзгерістерді қабылдап қана қоймай, фонемалық, дыбыстық өзгерістерді де басынан кешіріп, өзінің ұлттық тұрпатынан алшақтағандығын айқын көруге болады.
Қазақ тілінің дыбыстық қоры ғасырлар бойы толығып, бір қалыпқа түсіп әуезделген, алайда қазіргі таңда қазақ фонетикасының негізгі проблемалық өрісіне айналып кеткен кірме дыбыстар мен олармен қоса енген кирилл әліпбиіндегі кірме әріптер қазақ тілінің ұлттық тұрпаты мен айтылым және әуезделім заңдылықтарын бұзып, жазба тілдің де емлесіне біраз өзгерістер мен қиындықтар әкелген.
Бүгінгі қолданыстағы кирилл әліпбиіне негізделген қазақ жазуы 1940 жылы С.Аманжоловтың ұсынысымен енгізілген болатын. Бұл әліпбидің ішіндегі төл дауыстылар ә, ө, ұ, ү, і түрінде, төл дауыссыз дыбыстар ғ, қ, ң, һ түрінде бейнеленеді. Қазақ тілінің төл дыбысталу табиғатына сәйкес келмейтін в, ё, и, у, ф, ц, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я әріптері, дыбыстары «күштеп» енгізілген-ді.
Профессор Әлімхан Жүнісбек қазақ тілінің төл сөздерінің құрамына «зорлықпен» енген и, у, я, ю, щ таңбаларының қазақ сөзінің айтылым әуезділігіне, морфемалық құрамына, буын түрлеріне, тасымалдануына нұқсан келтіргенін айтады.
Айтылым әуезділігінің өзгеруі – бұл сөздердің әрі қарайғы оқылуының өзгеріп, буынға бөліну қалпын сақтамай, сетінеп кетуі. Мәселен кійім, тій, мый, жыйын, қыйын, жыйырма, бій, кій, жұуан, сыйа, қойан, байан, жайа, айу, ашшы деудің орнына киім, ти, ми, жиын, қиын, жиырма, би, ки, жуан, сия, қоян, жая, аю, ащы деп сөздердің морфемалық құрылымы мен буын жігін, айтылымын бұзып жібергеніміз айдан анық.
Әрине, и мен у дыбыстары көптеген ғалымдардың зерттеу нысаны болып келе жатқанына біраз уақыт болды.
У әрпі фонетика туралы оқулықтарда дауыссыздан кейін келсе, дауысты болады, дауыстыдан кейін келсе, дауыссыз болады деп түсіндіріледі. У дыбысы қазақтың төл сөздерінде дауыссыз дыбыс қалпында (тау, бау, тауық, жауын), сондай-ақ ұу, үу, ыу, іу дыбыс тіркестерінің басын біріктіріп, дауысты дыбыс қалпында (көрүу, ілінүу, сұу, сұуайт) кірме сөздер құрамында буын құрайтын дауысты дыбыс қалпында (урбанизация, университет) жұмсалады.
Асылында, егер у [w] дыбысына кириллицада жеке таңба берілгенде бүгінде кірме и дауысты дыбысы мен қазақтың төл у [w] дауыссызы бір деген қате ой тумас еді.
Орыс тілі ағылшын тілінің w таңбасын көбінесе «в» әрпімен береді. Web-site, whatsApp, Wikipedia деген көзге бүгінде көп шалынатын сөздердің өзін алып қарасақ, олардың орыс тіліндегі баламалары веб-сайт, ватсап, википедия күйінде жазылып, солайша оқылатынын көреміз. Ал қазақ тілінің у дауыссызы ағылшын тілінің w әрпімен сәйкес келетінін ескерсек, бұл сөздерді орыс тілі арқылы қабылдамай, қазақша уеб-сайт, уатсап және уикипедия деп жазу өте-мөте дұрыс деп санаймын.
Кириллицадағы и әрпі де у сияқты күрделі мәселеге жатады. Қазақ тілінде кирилдегі и дыбысының жоқ екендігін жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. И әрпі қазақ төл сөздерінде ый, ій жалған дифтонгтарын бейнелейтіні белгілі. Қазақ тіліне и дыбысы араб, парсы және орыс тілдерінен енген кірме сөздермен бірге енген болатын. Орыстың кириллицасында бұл дыбыс и таңбасымен, араб тілінде ي және парсыда ی таңбасымен бейнеленеді. Араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуында [й] дыбысы сөздің соңында ی түрін қабылдап, ي таңбасымен берілген-ді. Солайша, араб-парсы тілдерінен енген сөздерде [и] – یي таңбасы сақталғанымен, айтылуында [й] боп оқылды. Алайда жазуда дауыстылардың барлығы бейнеленбегендіктен, бұл мәселені кейіннен А.Байтұрсынов өзінің төте жазуында шешеді. [Й] дыбысы бұдан әрі бірыңғай ي таңбасымен берілді. Қазақ тіліне сай келмейтін тіркестерді болдырмау үшін дауыссыз дыбыс пен ي таңбасының арасында ی [ы, і] дауыстысы айтылып, жазылған еді. Төте жазу арқылы [й] дыбысы j таңбасымен Жаңаліпке (латын әліпбиіне) енуге негіз болды. С.Аманжолов кирилл әліпбиінің енуінен екі жыл бұрын кирилшеге өтуді оңайлату мақсатында сол кездегі латын әліпбиіне кішігірім өзгерістер енгізді. Соның ішінде J-ді I-ге ауыстыруы бұдан былай ьj [ый], ij [ій] әріп тіркестері тек I-мен берілетін ережені қалыптастырды. Осыған байланысты орыс тілінен енген сөздердің құрамындағы И әрпі І түрінде жазылды. Сонымен қатар І әрпі қазақтың [j] дыбысын берді. Бүгінгі күні баршамызда түсініспеушіліктерге бой ұрғызып жүрген дыбыстардың тарихы осылайша жазылған еді.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруде қазақ тілінің төл табиғатын аша алатын, құрылымдық жүйесін қалыпқа салатын емле ережелерде осындай мәселелік тұстарды оңтайлы шешіп, жазуда қолдану қазақ тілін шын мәнісінде жаңа белеске көтереді деген ойдамын.

Ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімшесінің инспекторы
А.Ерғалиқызы