Зейнетке шығу – өмірдің жаңа бастамасы

2019 жылдың қыркүйек айының 18 жұлдызында Академия қабырғасында айтулы, есте қаларлық қоштасу іс-шарасы өтті. Бұл іс-шара құрметті зейнетке шығатын Академияның қызметкерлеріне арналды. Жиырма жылдан астам уақыт құқық қорғау органдарында мінсіз және адал қызмет атқарған қызметкерлер үшін, бұл күн аса ерекше болды, тіпті кейбіреулері көздеріне жас алып, толқыды. Қызметтік міндеттерін қатардағы қызметшіден подполковник шеніне дейін бұлжытпай орындаған әріптестеріне Академияның жеке құрамы үлкен мәртебе көрсетті.

«Еңбек ер атандырар» демекші, бүгінгі күні арамыздан талай жыл талмай еңбек етіп, ішкі істер органдарында әртүрлі қызметте қызмет атқарған білімді де білікті тұлғалар еңбегінің жемісін көрер шаққа жетіп, құрметті зейнетке шығып отыр.

Іс-шараны Академия бастығы полиция полковнигі Н.Биекенов өзінің құттықтау сөзімен зейнеткер қызметкерлерге алғысын айтып, ризашылығын білдіріп, қызметтік міндеттерін адал орындап, оқу ордамыздың көркейіп, жан-жақты дамуына үлес қосқандары үшін грамотамен марапаттады.

Бүгінгі күннің сыйлы қонағы, құрметті зейнеткерлері полиция подполковнигі Ә.Н. Табулденов, полиция подполковнигі М.С. Кенжекеев, полиция подполковнигі Т.С. Тоқтаров өз мамандығының қыр-сырын жақсы меңгерген өздерінің қызмет жолында көптеген жетістіктері мен биік шыңдарына жетіп, болашақ офицерлерге талай жыл өнегелі тәлім-тәрбие берді.
Аталған іс-шара барысында зейнеткерлерімізді оқу ордамыздың Ардагерлер кеңесінің төрайымы, профессорлық-оқытушылық құрамы, қызметкерлер құттықтап, оларға зор денсаулық, отбасына бақыт, талмас талап және көп жылдар бойы атқарған қызметтеріне алғыстарын білдіріп, қызметтік өмірлерінен қысқаша ақпараттар жинақталған бейнесюжет көрсетті.
Іс-шара соңында, құрметті зейнеткерлеріміз өздерінің алғыстарын білдіріп, естелікке суретке түсті.

Баспасөз қызметі