«Жыр тамған жүрек»

Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай, ақынның өмір жолымен таныстырып, шығармашылығына бір үңілу мақсатында 2019 жылдың 27 қарашасы күні Академия қабырғасында Қостанай қалалық кітапханасының қызметкері Ш.Е. Абильтаева мен ҚМПУ 4 курс студенті А. Тобыловпен «Жыр тамған жүрек» тақырыбында кездесу өткізілді.
Кеш қонақтары курсанттарды қазақ поэзиясын ерекше нұрландырып, жұлдыздай жарқыратқан, намысты қайрап, қыр қазағын жыр бесігінде тербеткен, қаламын басты қару етіп ұстаған ақындарымыздың бірі – Фариза Оңғарсынованың өмірбаянымен таныстырды. Одан әрі қонақтар Фаризаның бірнеше өлеңін оқыды.
Қазақтың біртуар дарынды ақыны Мұқағали Мақатаев қазақтың жігітінен дос таба алмай, Фаризаға мұң шағуынан – ақынның қаншалықты адамның жан дүниесін түсінетін адам екенін айқын байқауға болады.

«Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге…»

Кеш аясында курсанттар ақын апалары Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқып, тулаған сезімге берілді. Жүректі жаулар жырлар мен өлеңдер кешті әсерлендіре түсті. Қазақ елінде Фариза сынды батыр да, батыл ұл-қыздарымыз көбейе берсін!

 
302 оқу тобының кураторы
полиция капитаны
В. Касенова