Жаңа әліпбиді үйрету курсы

Академияда «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйрету» курсы басталды. Осы 24 сағатқа жоспарланған курстың алғашқы сабағы 25 қарашада өтті. Оған 19 қызметкер тартылған. Сабақты Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлмира Талғатқызы Крикпенова жүргізеді.
Бұл – біздің оқу орнымыз бен «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының арасындағы ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болып отыр. Яғни, әріптестеріміз жұмыс орындарынан шықпай-ақ, латын графикасын меңгере алады.

Қызметкерлер алғашқы сабақта-ақ латын графикасына негізделген әліпбиді біршама меңгеріп қалғандарын айтып, оқудан жақсы әсер алғандарын жеткізді. Мәселен, соның бірі – оқу-әдістемелік орталығының бастығы полиция подполковнигі Ерік Акимжанов: «Сабақ қызықты әрі нәтижелі өтті. Латын графикасы бойынша білімімізді шын мәнісінде толықтыратын кез келді. Сондықтан әр сабақты жіберіп алмауға тырысатын боламыз және басшылық тарапынан жасалған жағдайды бағалай білуге тиісті емеспіз бе», – деп өз ойымен бөлісті.

Курсты толық меңгеріп, емтиханнан сүрінбей өткен қызметкерлерге «Сертификат» табыстау қаралған.

ІСКБ бастығы Қ. Елмұратов