«Жас керуен» кітабында жас қаламгер курсанттарымыздың өлеңдері жарық көрді

Елімізде биылғы жыл «Жастар жылы»  деп жарияланғаны баршаға мәлім. Осы бағытта Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының басшылығы еліміздің болашағы жас буын өкілдеріне, яғни оқып, білім алып жатқан курсанттарға жан-жақты жағдайлар мен қолдаулар көрсетіп, қоғам өмірінде белсенділігін арттырып жатыр. Отанымыздың ертеңі, жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Қоғамның қозғаушы күші – жастар. ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында жалындаған жігері бар, жас кезінен бастап өнерімен көзге түсіп, ақындық өнердің жолын қуып жүрген жастарымыз баршылық. Осы курсант жас қаламгерлеріміз оқу ордасының табалдырығын аттағаннан бастап, облыстық, республикалық және басқа да өткізіліп жатқан іс-шараларға белсене атсалысып, өлеңдерімен танымал болып жүр. Оқу ордамыздың жас қаламгерлері «Толқын» шығармашылық студиясы атты әдеби үйірмесімен өткізілген облыстық және қалалық деңгейдегі барлық іс-шараларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп келеді. 2019 жылдың 30 қазанынында Қостанай қаласының Н.Островский атындағы қалалық кітапханасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, кітап оқуды насихаттау, көркем әдебиетке деген қызығушылықтарды арттыру аясында,  «Толқын» шығармашылық студиясы жас қаламгерлерінің өлеңдері енген «Жас керуен» кітабының тұсауы кесілді. «Жас керуен» кітабына жас қаламгерлеріміздің, дәлірек айтқанда, күндізгі оқыту факультетінің 4-курс курсанты полиция кіші сержанты Әділ Сұңғатұлы Ілиястың, полиция қатарындағы 3-курс курсанты Лашын Ерболаттың, полиция қатарындағы 2-курс курсанты Аида Алмазқызы Бакбаеваның жүректен шыққан бірқатар өлеңдері басылып шықты. Аталған іс-шараға Қостанай қаласының Құрметті азаматы, Қостанай облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының иегері,  «Құрметті қажы» Алтын медалінің иегері, Қазақстан Республикасының жазушылар одағының мүшесі, ақын  Жолбарыс қажы Баязид, «Біздің Қостанай» қалалық газетінің редакторы Мырзабай Сералы Раманұлы және өңіріміздегі жоғары оқу орындарында, колледждерінде білім алып жатқан жас ақындар, құрметті қонақтар болды.

«Жас керуен» кітабының тұсаукесері ақын, қаламыздың құрметті азаматы Жолбарыс қажы Баязид атамызға берілді. Жолбарыс қажы Баязид атамыз: «Жыр әлемінде қадамдарың сәтті болсын. Жыр әлемінде қазақтың еркіндікке жеткен елінде, адамгершілік көңілмен, жырларың сарқылмасын, шексіз-шексіз бақыт, қайнап жатқан жырды, бақытты өмірді жырға айналдырып, жыр құрметімен өздеріңді танытыңдар. Биік белестерден көрініңдер!» деп жас қаламгерлерімізге тілегін айтты.

Іс-шара барысында Н.Островский қалалық кітапханасында жиналған жас қаламгерлеріміз әртүрлі тақырыптарда жазылған өлеңдерін оқып, қатысушыларды қуантты. Қостанай академиясының курсанттары болашақта тәртіп сақшысы бола тұра шығармашылықпен айналысып, әр тақырыптарда өлеңдерін жазып, жан-жақты талант иелері екендігін көрсетті.

«Жас керуен» кітабы — бұл жас қаламгерлердің тырнақалды туындылары жинақталған кітап. Жас қаламгерлеріміз шығармашылықтары арқылы өмірге, білімге деген сенімін, көзқарасын, ойының дәлдігін, тілінің көркемділігін арттырады.

Жас қаламгерлерімізді «Жас керуен» кітабында жарық көрген өлеңдерімен құттықтаймыз. Шығармашылық ізденіс, биік белестерден көріне беріңдер, жетістіктерің көп болсын! Болашақта білікті де білгір, тәжірибелі де озық, сыйлы да беделді маман болып, аңсаған армандарыңыздың асуына жете беруіңізге тілектеспіз!

Баспасөз қызметі