Жастардың терең білімі — жарқын болашақтың кепілі!

Ұлы Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – деп айтқан сөзі бүгінгі күні ұрпақтың әлемдік ғылым мен прогресс заңдылықтарына сәйкес бәсекеге қабілетті болып қалыптасу үрдісінде де өзекті болып отыр.
Оқытушылардың алдында тұратын ұлы мұрат, міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өресі озық курсанттарды тәрбиелеп оқыту. Сапалы білім, саналы тәрбие беру – әр оқытушы мен куратордың, яғни тәрбиешінің алға қойған міндеті болса, өз ісінің білімді, өнегелі азаматы болу – әр білім алушының міндеті. Осы тұста «Психолог» атты курсанттардың ғылыми-зерттеу үйірмесі аясында «Педагогика және психология» мамандығының, сонымен қатар «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша оқитын біздің курсанттарымыз өз білімдерін сынға салу үстінде.  Психология, бизнес және медиа қауымдастығы MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы аясында курсанттарды «МЕДИА-ГОРОД» квизасына қатысуға шақырды.
Әрине, бұл шақыруды біздің курсанттарымыз қуана қабыл алып, бір емес екі «Шырақбек ұрпақтары» және «Фемида» атты командаларды ұсынды. Қазіргі таңда біздің командаларымыз онлайн түрде іріктеу кезеңді артта қалдырып, жартылай финалдан да сүрінбей өтті.
Бұл жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы студенттерінің арасында медиасауаттылықты арттыру.
Жалпы квиз – бүгінгі таңда зияткерлік ойындардың өте танымал форматы. Бұл ойын әлеміндегі тренд деп сенімді түрде айта аламыз! Квиз – бұл  сұрақтарға жауап беретін зияткерлік ойын. Ойын бірнеше турдан тұрады және оған бір уақытта көптеген командалар қатыса алады. Бұл ойын  ойлау процестерінің жылдамдығы, логика, түйсік, есте сақтау, ұқыптылық, аналитикалық қабілеттер, бейнелі ойлау, эрудиция,  сонымен қатар командалық өзара әрекеттесуге бағытталған. Мұндай оқыту бір нәрсені оңай үйренуге және сонымен бірге уақытты жақсы және қызықты өткізуге мүмкіндік береді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деген сөзін ұран етіп алған курсанттарымыз жобаның төрінен орын алады деген сенімдеміз! Қазақстанның жарқын болашағы тек білімді жастармен ғана қалыптаспақ!

Курсанттардың «Психолог»
ғылыми үйірмесінің жетекшісі
полиция капитаны
Н.Турсумбаева