Жаман әдеттен сақтан!

Әрбір адам бойындағы жаман әдеттен арылу үшін өмір бойы өзін тәрбиелеумен, үйренумен, жақсы әдеттерге дағдыланумен айналысады. Сыбайлас жемқорлық қазіргі таңда қоғамды жаулап алған індет болып отыр. Сондықтан парақорлықты өне бойында әдет ретінде қалыптастырмас үшін жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру қажет.
Ағымдағы жылдың 10-12 желтоқсаны аралығында Академияда білім алып жатқан 2-3 курс курсанттарымен және алғашқы арнайы дайындық курсының тағылымдамашыларымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында тренингтер өткізілді. Тренингті курсанттар тарапынан «Жемқорлыққа қарсы жастар бастамасы» клубының мүшелері өткізді. Клуб мүшелерінің тренерлеріне қылмыстық құқық және жазаны орындауды ұйымдастыру кафедрасының оқытушылары курстар ұйымдастырып, арнайы дайындықтан өткізген болатын.
Әрбір курсант ол – қоғамның бір мүшесі, сондықтан оны халқына адал, абыройлы, еңбекқор етіп дайындау біздің тікелей міндетіміз. Абай атамыз:

«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан» — деген өлеңінде терең мән жатқанын байқауға болады. Еңбек жолында әр түрлі қызығушылықтарға бой алдырмай, кедергілерге мойымай қызмет етсе, ол да келер ұрпақты өзіндей етіп тәрбиелей алады деген сөз.

Тренингке қатысушыларға жемқорлықтың түп тамыры тереңде жатқанын түсініп, ойлануларына мүмкіндік берілді. Тренингтер аяқталғаннан кейін арнайы даярлық курсының тағылымдамашылары мен курсанттар тренер-курсанттарға алғыстарын білдіріп, жүргізіп жатқан істеріне сәттілік тіледі.

ҚҚжЖОҰ кафедрасының
аға оқытушысы
полиция подполковнигі
З. Суйеубаева