Дәстүрлі күн

ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында дәстүрге айналған «Ардагерлер күні» — 1 қараша қарсаңында биылғы жылы да өз жалғасын тапты. Ұзақ жылдардан бері Академия қабырғасында абыройлы да адал еңбек еткен, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы зейнеткерлерге  әрдайым ерекше көңіл бөлінуде.  Аталмыш күн аясында жыл сайын курсанттар аға буын ардагерлермен оқу орынында кездесіп, тәлім-тәжірибесі мол жандардың естеліктерін тыңдап, өзара келелі әңгіме құратын. Биылғы жылы елімізде орын алған пандемияға байланысты Академияның ардагерлер кеңесінің төрайымы Бисұлу Биғазықызы бастаған  бөлім қызметкерлері ардагерлерге арнайы барып, аталмыш іс-шараны жандандырды. Алғашқы болып, талай жыл  Қазақстан Республикасының  Ішкі істер саласында қызмет еткен, отставкадағы полковниктер  Татьяна Зюбанова, Юрий Симинин, Есенбек Курмановпен жолықты.
Ардагерлер күніне орай Академия бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Биекеновтің құттықтау сөзі мен естелік сыйлық табыс етті. Келелі кездесу барысында  ардагерлер академия ұжымына алғысын білдіріп, жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан іс-шараның жас ұрпақ үшін маңыздылығын  айтып, өз ризашылықтарын білдірді.

  • 1 қарашаға дейін біздің офицерлік құрам басқа да ардагерлерімізді құттықтап, арнайы кездесетін болады – дейді, Академияның ардагерлер кеңесінің төрайымы Бисұлу Мукажанова.

Ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің инспекторы Қ.Нағашыбай