Дәстүрге айналған марафон

Ағымдағы жылдың 15-ші қыркүйек күні Қостанай облысы Рудный қаласының «Горняк» алаңында  облыстық көлемде дәстүрлі жыл сайынғы «ERG Run fest» көпшілік жүгіріс марафоны өткізілді. Аталмыш іс-шарада бұл өңірдің көптеген желаяқ спортшылары бақ сынады. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының жеке құрамы мен курсанттары белсене қатысты. Марафон қашықтығы 21 км, 10 км, 5 км және 3 км бөлінді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы марафон ұйымдастырылды. Біздің академия курсанттары мен басшы құрамы 3 км қашықтықты оқу орнымыздың әскери тұлыбын көрсеткендей саптық жүгіріспен жүгіріп өтті. Алдыңғы қатарда академиямыздың   спортсүйер офицерлері мен Академия бастығы Н.Биекенов, саптық бөлініс жөніндегі орынбасары А.Күсеубаев, 3 курс  бастығы В.Заварыко, жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының бастығы М.Абдрахманов,  кафедра оқытушылары Қ.Исергепов, Р.Куттымбаев, Е.Кабидуллинов, А.Шаймуханов белсене қатысты. Басқа да қашықтық дәрежелерінде өнер көрсеткен академиямыздың куосанттары жүлдеден тыс қалмады. 1000 метрлік қашықтықтан біздің құрамымыз жүлделі 3 орынға ие болды. Аталмыш марафон өз кезегінде жоғары дәрежеде өтті. Ең бірінші байлық денсаулық дегендей бұл іс-шара көптеген жандарымыздың спортқа және салауатты өмір салтына деген қызығушылықтарын бір сатыға болса да арттырды.

Полиция кіші сержанты
4 курс курсанты
Ә. Ілияс