Душанбе қаласында (Тәжікстан) өткізілген конференция….

12-13 желтоқсанда Душанбе қаласында (Тәжікстан) «Орталық Азия елдеріндегі милицияның қоғаммен өзара іс-қимылы. Теория және тәжірибе» тақырыбында Орталық Азия аймақтық конференциясы өтті.
Аталған іс-шараның жұмысына ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы Н.А. Биекенов, ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ж.К. Жұманалин, Қарағанды академиясының ҒЗИ орталығының бастығы Е.В. Пенчуков қатысып, баяндамалар жасады.
Қазіргі таңда Тәжікстанда АҚШ үкіметінің ұйымдастырушылық және қаржылық қолдауымен 2013-2020 жылдарға арналған милиция реформасының стратегиясы және 2014-2020 жылдарға арналған тиісті бағдарлама іске асырылуда. Реформаның ұраны – «Милиция – халық, ал халық – милиция» тезисі. Аталған стратегиялық құжаттарды орындау үшін ІІМ жыл сайын тиісті  іс-шаралар жоспарын әзірлейді.

Зерделенген саланың оң көрсеткіштеріне келесілерді жатқызуға болады.
ІІМ және облыстық басқармаларда Тестілеу орталықтары құрылған, олар жұмысқа қабылдау, лауазымға тағайындау және кезекті атақ беру кезінде кандидаттарды тексеруде үлкен рөл атқарады.
Азаматтық қоғаммен ынтымақтастық жөніндегі Министрдің кеңесшісі штаттық бірлігі енгізілген, оның қызметі милицияны реформалау саласында ұсыныстар беруге бағытталған. Басшының көмекшісі мәртебесіндегі осыған ұқсас лауазымдар ІІМ облыстық басқармалары мен қалалық және аудандық бөлімдерінде енгізілген.
Сонымен қатар, ІІМ құрылымында милиция реформасы жөніндегі Ұлттық үйлестіруші енгізілген және Ғылыми-зерттеу орталығы құрылған.

Душанбеде және республикалық бағыныстағы аудандарда, сондай-ақ облыстарда Азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесу  жөніндегі қоғамдық кеңестер (7) құрылған. Олардың негізгі мақсаттары азаматтардың реформа барысын оның әртүрлі кезеңдерінде талқылауға қатысуы, Үкіметке осы тақырып бойынша ненің күтілетінін және ұсыныстарды жеткізу, қоғамдық пікір мен қоғамдық бақылауды есепке алу. Милиция қызметкерлері олардың мүшелері бола алмайды.
Жергілікті деңгейде милицияның барлық бөлімшелерінде Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңестер жұмыс істейді (32). Олардың құрамына милиция қызметкерлері, жергілікті билік органдарының өкілдері, діни көшбасшылар мен азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ мақсаты жергілікті халықтың проблемаларын бірлесіп шешу болып табылатын әйелдер мен жастарды қоса алғанда, қоғамдастық мүшелері кіреді.
Аталған кеңестерді қолдау үшін ірі ауылдарда Милицияның жұртшылықпен өзара іс-қимыл орталықтары салынуда (49), олар милицияның учаскелік инспекторларына арналған кабинеттер, сондай-ақ жергілікті қоғамдастықпен кездесуге арналған көпфункционалды үй-жайлары бар жалпыға қолжетімді ғимарат болып табылады. Конференция жұмысы барысында Турсунзаде қаласында Джура Рахмонов атындағы Халық орталығы таныстырылды, онда 36 мың жергілікті тұрғын үшін 2 учаскелік инспектор (учаскеде жылына шамамен 30 әкімшілік құқық бұзушылық жасалады, 4 нашақор және 7 оқушы есептерде  тұр) қызмет атқарады.

Жасөспірімдер арасындағы үгіттеу жұмыстарына көп көңіл бөлінеді. Ағымдағы жылы жастар мен милиция арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында «Жастар қауіпсіз қоғам үшін» атты екі жастар лагері ұйымдастырылды.
Өз қатарында 22 мыңнан астам адамды біріктіретін халық жасақшылары мен штаттан тыс милиция қызметкерлері институттары қайта құрылды. Бұл қызметтің құқықтық негізі «Азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысуы туралы» Заң (2009 жыл) және «Тәжікстан Республикасы Ішкі істер органдарының штаттан тыс милиция қызметкерлерімен ынтымақтастығы мен ұйымдастырылуы туралы» ереже (2013 жыл) болып табылады.

  • Милиция құзыреті шеңберінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі аталған құрылымдардың негізгі басымдықтары:
  • үйдегі зорлық-зомбылық/гендерлік теңдік, оның ішінде қыздардың білімге шектеулі қол жеткізуі, сондай-ақ ІІО-да әйелдердің өкілдігін ұлғайту;

— жастардың зорлық-зомбылықты насихаттайтын топтарға қатысуы;
— жастар мен көршілер арасындағы қақтығыстар, өзіне-өзі қол жұмсау;
— маскүнемдік/нашақорлық;
— жол қозғалысы ережелерін бұзу;
— бұзақылық және ұрлық болып табылады.

Сонымен қатар, ІІМ-де «Сенім телефоны»  (221-21-21) және «Мадад» («Көмек»)  (19-19)  қызметі жүйесі енгізілген. Сенім телефонын құрудың мақсаты ІІО қызметкерлері тарапынан заң бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жасалған және дайындалып жатқан қылмыстар туралы азаматтардың өтініштерін жинау және есепке алу болып табылады.
Душанбеде қоғамдық тәртіп пен көлік құралдарының қозғалысын бақылауды күшейту үшін «Шахри бехатар» («Қауіпсіз қала») жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылған.
2015 жылдан бастап Тәжікстан азаматтарын террористік ұйымдарға тартуға және олардың басқа мемлекеттердің аумағында әскери іс-қимылдарға қатысуына байланысты қылмыстық істерді тергеуді ұйымдастыру және басқару жөніндегі Республикалық Штаб жұмыс істейді. Штаб алдында тұрған басты міндеттердің бірі азаматтардың отанына өз еркімен оралуына бағытталған тұрғындар мен тартылған адамдардың туыстары арасында кең ауқымды насихат жүргізу болып табылады. Аталған жылдан бастап Қылмыстық кодексте норма қолданылады, оған сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы заңсыз қарулы құралымға, жанжалға немесе соғыс қимылдарына қатысудан өз еркімен бас тартқан адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Конференцияда баяндалған ақпараттар бойынша қарулы қақтығыстар аймағынан 300-ден астам тәжікстандық елге оралды. Олар ислам құндылықтарын дұрыс түсіндірмеуге және түсінбеуге итермелеген өз іс-әрекеттерінің дұрыс еместігі туралы халыққа айта отырып, ағартушылық жұмыс процесіне белсенді тартылған. Жастарды ланкестік және экстремистік ұйымдар қатарына тартудың алдын алу, экстремистік идеологияны таратпау үшін милиция қызметкерлері нақты жоғары оқу орындарына бекітілген. Сонымен қатар, барлық құлшылық ету орындарында (жұма уағыздары, бес рет намаз оқу мешіттері, дұға ету үйлері) жастардың діни дүниетанымына теріс әсер ететін жат ағымдарды анықтайтын жергілікті тұрғындар арасынан белсенділердің арнайы топтары құрылды.
Біз пайдалана алатын Тәжікстан милициясының жұртшылықпен өзара іс-қимылының негізгі сәттері осындай.

ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы
полиция полковнигі
Н. Биекенов