Домбыра – дастан

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасымыздың шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланған болатын.
«Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші Қостанай академиясында Қалибек Дерипсалдин жетекшілік ететін домбыра ансамблі жұмыс жасайды. Домбыра ансамблінің репертуарына Құрманғазы, Д.Нұрпейісова, Тәттімбет, Қазанғап және басқа да танымал қазақ орындаушыларының шығармалары кіреді. Домбыра ансамблі 1, 2, 3 курс талантты курсанттарынан және Академиямыздың өнерлі қызметкерлерінен құрылған. Домбыра — қазақ елінің көнекөз шежіресі. Ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі.
Академиямызда өткізілетін барлық мәдени-көпшілік іс-шаралар домбыра ансамблінің күмбірлеген күйінен басталады. Домбыра ансамблі көптеген республикалы, облыстық және қалалық көркемөнерпаздар байқауында «Лауреат» атағына лайық деп танылды. Оған дәлел, 1999 жылғы Петропавл қаласы Қазақстан Республикасы ІІМ ұжымдары өңірлік көркемөнерпаздар сынау-байқауының лауреаты, 2000 жылы Астана қаласында Академияның домбыра ансамблі ҚР ІІМ көркемөнерпаздар ұжымдары байқауында бас жүлдені жеңіп алды және байқаудың лауреаты атағын алды.
2018 жылы Академияның домбыра ансамблі Ақтау қаласында өткен жас орындаушылар мен домбырашы ансамбльдері мен оркестрлерінің «Ұлы дала мұрасы» республикалық фестиваль-байқауында «Гран-при» бас жүлдесін иеленді. Бұл біздің мақтанышымыз.
Киелі домбыра қарапайым халықтың қуанышы мен қайғысын, тарихын жырлаған және оның жұбанышы болған аспап. Осылайша қазақ халқының киелі домбырасын тойлау белгілі күй өнерін жандандыруға және болашақ ұрпаққа берері мол.

Баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы
О.Уақпаева