Бүгінгі жасөспірім ертеңгі ел қорғаны!




Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы жасөспірімдерге әскери – патриоттық тәрбие беру мақсатында ағымдағы жылдың 8 шілде мен 20 шілде аралығында Академияның оқу-дала лагері базасында жазғы әскери-патриоттық лагерін ұйымдастырды. Аталған іс-шараға психологиялық жұмыс орталығының, педагогика және психология кафедрасының, әскери және тактикалық арнайы даярлық кафедрасының, жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының қызметкерлері және Департамент полициясынан жергілікті полиция қызметінің жасөспірімдер істері бойынша учаскелік полиция инспекторлары қолұшын беріп, қызмет атқарды.
Бұл іс-шара Ішкі істер министрлігінің ведомстволық оқу орындарының арасында Қостанай академиясы басшылығымен алғаш рет өткізіліп отыр.





Іс-шараның бірінші күнінде оқу — дала лагеріне Қостанай қаласының жасөспірімдер инспекциясында тұратын 30 шақты бала келді. Балалар жастарына қарай топ-топқа бөлінді. Оқу орнының қызметкерлері, курсанттар мен учаскелік полиция инспекторлары таңертеңнен кешке дейін, жасөспірімдермен әртүрлі психологиялық, спорттық ойындар ойнап, балалардың әр сәтін жақсы өткізу үшін барлық жағдайларын жасады. Жасөспірімдердің сандары күннен-күнге көбейіп, бір-бірлерімен танысып, өзара қарым-қатынастары да жақсы болып, өздерін белгілі ортада қалай ұстау қажеттілігін, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу, адамгершілік, қамқорлық деген сөздердің мағынасын түсініп, өмірдің мәнін ұғынып, дүниенің оңы мен солын танып, ақ пен қараны ажыратуға дұрыс бағыт алды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда жасөспірімдер өздерінің денсаулығына онша мəн бермейді. Сондықтан да оларды жас кезінен бастап денсаулығын сақтай білуге тәрбиелеу мақсатында, Академия қызметкерлері Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Қостанай облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының  орталығы» коммуналдық мемлекеттік  қазыналық кәсіпорнының Д.Шаймардановамен Е.Загребина атты  қызметкерлерді шақырды. Олар жасөспірімдерге адам денсаулығына зиянын тигізетін  жат қылықтардан бас тарту туралы дәріс және тренинг өткізді. Оқу-дала лагерінде балалар үш бағыт бойынша тәрбиеленді. Олар: әскери — патриоттық, денешынықтыру және психологиялық бағыттар. Іс-шара барысында психологиялық жұмыс орталығы мен педагогика және психология кафедрасының қызметкерлері психодиагностика өткізді. Жасөспірімдердің оқу-дала лагерінде бір жеті өткізген күндері бойынша оқу орнымыздың қызметкерлері өздерінің нәтижелерін дайындап, полиция департаментінің психологтарына және мектеп психологтарына әр жасөспірімге көмек көрсету және одан әрі қарай психологиялық түзетулер өткізу үшін ұсынылады.






Келесі аптадан бастап оқу-дала лагеріне жасөспірімдерден құрылған екінші жаңа топ келеді. Оқу орнының жоспары бойынша оқу – дала лагері жыл бойы жұмыс істейді.
Академияның ең басты мақсаты — алдымен жасөспірімдердің мемлекеттік және полиция қызметкерлеріне деген жағымды көзқарастарын қалыптастыру, себебі олардың отбасыларындағы жағдайына, психологиялық мәселелеріне байланысты полиция мен мемлекетке деген көзқарастары оқу-дала лагерінен кейін өзгеріп, болашақта еліміздің жақсы азаматы болады деп ойлаймыз.
Дауылпаз ақын Мағжан Жұмабаев: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» демеп пе еді? Сондықтан өсіп келе жатқан әр жеткіншекті жат қылықтардан аулақ болуға, туған елінің, жерінің тұтқасын ұстар тұлғалы азамат болып өсуіне үн қосу баршамыздың ізгі борышымыз деп білеміз.

Баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы
О.Уақпаева