«Білім әлемі» атты зияткерлік сайысы өтті

Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі — жастардың білімі. Әрине жастар дегенде, биылғы Елбасымыздың «Жастар жылы» бағдарламасы еске түседі.
Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Болашақта мемлекет шашбауын көтерер де осы жастар, әсіресе, білімді азаматтар. Елбасымыздың «заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, азаматтарының білімімен өлшенеді» деген сөзі де осы айтқаныма дәлел екенін көрсетеді. Жас ұрпақ тәрбиелеуде оларды білім нәрімен сусындатар білім ордасының топ кураторлары және оқытушылардыңорны бір бөлек. Осындай «жастар» және «курсант» деп жар құлағы жастыққа тимей жүрген жандардың бірі – ол педагогика және психология кафедрасының оқытушылары. Осы «Жастар жылына» байланысты және курсанттардың ғылыми — зерттеу жұмысының жоспарына сәйкес, сонымен қатар 211-оқу тобында кураторлық сағатта «Білім әлемі» атты зияткерлік сайысы өтті. Аталған зияткерлік сайысқа «педагогика және психология» мамандығы бойынша оқитын 211-оқу тобының курсанттарынан құралған «Алғырлар» және «Білгірлер» топтары қатысты. Сайыс 3 кезеңнен тұрды: бірінші – «Бәйге», бұл кезеңде курсанттардың шапшаңдығы мен логикалық ойлау қабілеттілігі сынға түссе, ал «Жорға» кезеңінде педагогика және психология ғылымдары бойынша көрсетілген термин сөздерін жатқа айтқызып, белгілеу арқылы курсанттардың танымдық үрдістерін дамыту болды. Ал ақтық «Мен таңдаған ұяшық» кезеңі бойынша курсанттар ұяшықта көрсетілген сұрақтарға өз білімдерін қолдана жауап беру арқылы қоржындарына ұпайлар жинады. Сайыстың қорытындысы бойынша «Алғырлар» тобы жеңіске жетіп және екі топ мүшелері мақтау қағазы мен тәтті сыйлыққа ие болды.
Сөз соңында жалынды жастарымыздың, яғни білімді де, қайратты да курсанттарымыздың баршасына мақсаттарыңа жетіп, талаптарыңа нұр жаусын демекпіз.

Педагогика және психология
кафедрасының оқытушысы
аға лейтенанты
Н.Ж.Турсумбаева

211 оқу тобының
кураторы
полиция лейтенанты
Г.Х.Ибраева