БІЗ АБЫРОЙМЕН ЕЛГЕ ОРАЛДЫҚ!

Ағымдағы жылғы қыркүйек айының 6-8 күндері аралығында Минск қаласының «Чижовка-Арена» спорт кешенінде Беларусь Республикасы Президентінің жүлдесі үшін самбо күресінен XXV «А» санатындағы Халықаралық турнир өз мәресіне жетті.
Еліміздің ұлттық құрама сапында Ержан Кабидуллиновтың жетекшілігімен бақ сынасқан Қостанай облысы самбошыларының халықаралық деңгейдегі алғашқы қадамдары оң нәтижемен аяқталды.

Осы жылы Беларусь елінің төрінде бірнеше күнге созылған белдесулерге, спорттық және жауынгерлік самбодан әлемнің 11 мемлекетінен 300-ге жуық спортшы бақ сынасты.
Алғашқы күні жауынгерлік самбодан 64 келі салмақта қос балуанымыз Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 4-курс курсанттары, «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» спортшылары Бекжан Галибеков пен Нұржан Жұмабеков қола жүлдеге ие болса, спорттық самбодан аса ауыр салмақ дәрежесінде Қостанай қаласы «Жас Динамо» спорт клубының шәкірті Мейрамбек Досаевта үшінші орынды қанағат тұтты. Осы күннің есте қалар оқиғасы, өңіріміздің жарқын самбошысы, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, Қостанай облысы Полиция Департаментінің Жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының түлегі, «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» спортшысы, жауынгерлік самбодан 98 келі салмақта қарсыларстарын ойсырата жеңіп, алтын жүлдеге қол жеткізген Асқар Абдулла туымызды биіктетіп, әнұранымызды шырқатты. Сонымен қатар Асқар Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді.
Екінші күннің нәтижесінде аса ауыр +98 келі салмақ дәрежесінде жауынгерлік самбодан Мейрамбек Досаев алтынға қол жеткізіп, екінші рет Белоруссия төрінде туымызды желбіретті.

— Қостанай облысынан келген самбошылардың спорттық жетістіктері халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетті,-дейді ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы ДШД кафедрасының аға оқытушысы Ержан Қабидуллинов. -Біз 2 алтын және 5 қола медальға ие болдық. Бұл жеңіске деген ерік-жігердің көрсеткіші. Біз абыроймен елге оралдық!

Мы с честью вернулись на родину!