Бақытты отбасы өмір айнасы

ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының басшылығы мен жеке құрамы жыл сайын 15 мамыр Халықаралық отбасы күнімен  көп балалы қызметкерлеріміздің отбасына барып, сыйлықтар табыс етіп, мерекемен құттықтайды.
15 мамыр Халықаралық отбасы күні 1994 жылдан бері аталып келеді.  БҰҰ Бас Ассамблеясының 1993 жылғы қыркүйек айындағы Халықаралық отбасы жылы туралы қарарында бекітілген. Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың қазіргі замандағы отбасының жағдайына алаңдаушылығынан қоғамның негізгі институттарының бірі ретінде  отбасының маңызын арттыру мақсатында туындаған.
Бүгін осындай ерекше мереке күні ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Биекеновтің бастамасымен Ардагерлер кеңесінің төрайымы Б.Мукажанова, Кадр саясаты бөлімі бастығының орынбасары, ол да идеологиялық жұмыс бөлімшесінің бастығы полиция майоры Т.Баймаганов, ПМДжӘЗЖ орталығының  оқытушы-әдіскері полиция капитаны Ш.Кабжанова оқу ордамыздың көп балалы қызметкерлерінің отбасына, дәлірек айтқанда, дене шынықтыру даярлығы кафедрасының аға оқытушысы полиция майоры Е. Кабидуллиновтың, жалпы заң пәндері кафедрасының оқытушысы полиция капитаны А.Бузаканованың және ІІО  әкімшілік қызмет кафедрасының оқытушысы полиция подполковнигі Б.Ілиястың отбасына барып, атаулы күнмен құттықтап, балаларына сыйлықтар табыс етті. Әр отбасы әріптестерінің жылы лебіздеріне қуанып, өздерінің ризашылықтарын білдірді. Қызметкерлеріміздің отбасылары көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан жанұялар.  Әр отбасы төрт және бес бала тәрбиелеп отыр. Олар сыйластық пен мейірімділікті ұстанып,  адамгершілік пен ізгіліктің негізін қалай отырып, балаларына жақсы тәлім-тәрбие беруде.
Сонымен қатар әріптестеріміз ата-аналарымен бірге тұрады.  Біз барған отбасының әрқайсысы ата-анасын ерекше қадірлеп, құрмет көрсетіп, өздерінің тәрбиесімен балаларына үлгі болуда. Әрбір отбасы өз алдына жеке бір Отан. Адамның жеке басының қалыптасуы да отбасынан басталады. Отбасында орнаған береке-бірліктің, татулық пен сыйластықтың Отанымыздың кемелденіп өсу жолында алатын орны ерекше. Сондай-ақ әріптестеріміздің ұл-қыздары болашақта ата-анасының жолын қуып, ішкі істер органдарының қызметкері болғысы келетіндіктерін  айтты.
Осы ретте, әріптестерімізді 15 мамыр «Халықаралық отбасы» күнімен шын жүректен құттықтап, отбасыларына зор денсаулық, береке-бірлік, ырыс-дәулет тілейміз!

Баспасөз қызметі