«Бала бауыр етің…..»

«Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған екен асқақ ақынымыз Мұқағали Мақатаев. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты  балалық шағымыз еді ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған  көздердің сол бақытты сезініп жүргені шамалы.
«Жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар көбеюде? Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес.
Қазақ халқында «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген сөзіне қарамастан бұл мәселенің күрделеніп келе жатқаны жасырын емес.
Дана халқымыз сан ғасырдан бері «Адамның бақыты — балада» деп, баласының ер жетіп азамат болуына бар өмірін арнап, жиған-тергенін балаларының жолына, қолына берген. Кез келген адам баға жетпес бақытты ұрпағының жалғасып, өсіп-өнуін тілейтіні белгілі. Ал, қазіргі таңда кейбір жандар өз бақытын байлықтан, мансап пен қызметтен іздейтін сияқты.
Соның есебінен елімізде жәутеңдеген қара көздердің саны едәуір артып, жетімдер көбеюде. Кейде таң қаласың, кейбір жандар балаға зар болып, күні-түні үмітін үзбей, Алладан жалбарынып тілейді. Енді біреулер Алланың берген сәбиін көрінгеннің қолына тастайды. Тұрмыс жағдайын, тағдыр тауқыметін сылтау етіп, балаларынан бас тартады. Көзі қиып, жүрегі шыдап, шырылдаған сәбиін панасыз қалдырған тасбауыр жандар жер басып қалай жүреді екен? Осындай қатыгездіктің салдарынан бейкүнә нәресте дүние есігін ашпай жатып, өмір сынымен арпалысып, тағдыр кешеді.
Бұл өмірде ананың ақ сүті мен мейіріміне жететін не бар? Оның мейірімімен айтқан «айналайын, құлыным, ботам, балапаным» деген жылы сөзі жаныңды ерекше сезімге бөлеп, бар бақытты сыйлайды емес пе?! Ананың ыстық алақанына ештеңе тең келмейді.
«Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» деген дана сөзді ескере отырып, осындай қадаммен 2020 жылдың 1 наурызында көктемнің алғашқы алғыс айту күнінде біз ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының кәсіби даярлық курсының 6-взвод тыңдаушыларымен Қостанай қаласындағы «Дельфин» балалар үйінің балаларына  тамаша көңіл күй сыйлап қайттық. Балаларға жұмсақ ойыншықтар, қуыршақтар, сонымен қатар тәттілер сыйладық. 6-взводтың ұлдары «Дельфин» балалар үйінің алаңын қардан тазартып, өз қолдарынан келетін көмектерін көрсетті. Ал, қыздар болса, «Бала — бауыр етің» демекші балаларды ойнатып, біраз қуанышқа бөленді.
Олай болса, жетімін жылатпаған, жесіріне қамқор болған иманды бабалардың ұрпағы ретінде біз де балалар үйінің балаларына  қарайласуды мұсылмандық міндетіміз деп қарайық.

6-взвод кураторы
ДШД кафедрасының оқытушысы
полиция аға лейтенанты
Р.Құтымбаев