Балаларға қуаныш сыйлаған жарыс




Халқымыз «дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Бала дегеніміз – болашақ ұрпағымыз.
Ағымдағы жылы Қостанай академиясында «Лето спортивное – 2019» жеңіл атлетика бойынша облыс, қала балалар мен жасөспірімдер клубының және Академия қызметкерлерінің балалары арасында жарыс өткізілді. Аталған жарыс Санкт – Петербург Дене шынықтыру ғылыми – зерттеу институтымен «Мектеп жасындағы балалардың тәрбиесі мен денсаулығы» атты халықаралық жоба шеңберінде «Лето спортивное-2019» жарысы ұйымдастырылған болатын. Біздің елімізді осы жобада Қазақстан Республикасының ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының оқытушысы отставкадағы полиция полковнигі Құрманай Исергепов танытты. Биыл оқу ордамызда облыс және қаладағы 18 клубтан 200 – ден астам балалар, сонымен қатар біздің қаламызда жазғы демалыстарын өткізіп жатқан Ресей Федерациясының Қорған, Челябі облыстарынан келген оқушыларда қатысты. Балалар 30 метр қашықтықтан бастап 800 метр қашықтыққа дейінгі аралықтағы жеңіл атлетикалық жүгіріске қатысты.
Міне, жарыс та басталып, бүлдіршіндеріміз бір-бірлерінен қалып қоймайық деп, жүгіре кетті. Кішкентай бүлдіршіндеріміздің жүздерінде күлкі мен қуаныш толы, ата-аналары олармен бірге қуануда.
Ең қысқа 30 метр қашықтықта қыз балалар арасында «Факел» жасөспірім клубынан Алуа Жоламанова жақсы нәтиже көрсетті. Екінші жүлделі орынға Азиза Аужанова ие болды. Осы қашықтықта 3 жастағы екі қыз баламыз Аяжан Қадырова және Аруана Аужанова қола медальдарға ие болды. Кішкентай бүлдіршіндеріміз өздерінің жастарының кішкентайлықтарына қарамастан, мәреге дейін жүгіріп келді.
Сонымен қатар 60 метр қашықтықта «Романтик» БЖК Тамила Жоламанова және 23 мектептің оқушысы Керей Акимжанов иеленсе, ал 100 метр қашықтықтағы жеңіске Карина Лабецкая және Эмирхан Фазылжан ие болды.
200 метр қашықтықта Александр Круглик және Илья Мезенцев жеңімпаз атанды. 400 метр қашықтықта Наталья Лабецкая, Даулет Мурзалин және Данил Сивоха жүлделі орындарға ие болды. 800 метр қашықтықта Диана Абжанова және Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Павел Ткаченко басым түсті.
Барлық жастағы балалар өздерінің қашықтықтарында жүгіріп, жеңіске жетіп, медаль, грамота және тәтті сыйлықтармен марапатталды.
«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, спорт адам баласына қашан да пайдалы, яғни спорттың адам өмірі үшін маңызы зор.

Баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы
О.Уақпаева