Академия түлектері қанат қақты……







Дәл осы күн – дипломды қолға алу сәті, әрбір бітіруші курсанттың мәңгі есінде қалатын естелігі. Төрт жылдық оқудың қорытындысы, емтихан алдындағы ұйқысыз түндер мен күнделікті оқу-жаттығулар артта қалды. Дегенмен курсанттарды сапта тұру мен темірдей тәртіпке    үйреткен Академия алаңы олардың жадында ұзақ сақталатыны сөзсіз. Бүгін жиналған көпшіліктің бар назары осы алаңдағы түлектерде, ал олар сауыт сайманын бойына асынған нағыз батырларша сап түзеп тұр.

22 маусым күні Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 2019 жылғы түлектеріне «лейтенант» погоны мен дипломдарын тапсыру салтанатты іс-шарасы өтті. Аталмыш іс-шара жеке құрам үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды.

Курсанттар үшін бүгін – естен кетпес ерекше күн. Биыл Академияны 242 курсант тәмамдады, оның ішінде 19 курсантымыз қызыл дипломмен бітірді.  Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан офицер шенін  Ксения Петрова, Бексұлтан Сүндет есімді курсанттарымыз  алса, ал  6 курсантымыз Қазақстан Республикасы Министрінің қолынан офицер шенін иеленді.

Салтанатты іс-шараға құрметті де сыйлы қонақтары Ұлы Отан соғысының және Ішкі істер органының ардагері Данил Айтмуханович Надербаев, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин, Ішкі істер органдарының ардагері Сатыбалды Маженович Насыров, Қостанай облысы бойынша ҚАЖД бастығы әділет полковнигі Нұрболат Құрлысұлы Мусин, Қостанай облысы бойынша Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Негмет Ауесханович Исмагулов және түлектердің ата-аналары мен жақын туыстары қатысты.

Алғашқы құттықтау сөз  Академия бастығы полиция полковнигі Нұрлан Амангелдіұлы Биекеновке берілді. Полиция полковнигі құттықтау сөзінде  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген қанатты сөздерін айтып кетті. Осы сөздерге қатысты ол оқу бітіруші түлектерге үміт артып, төрт жыл оқу барысында олар үшін бірінші міндет мықты білім алып, сол білімді тәжірибелік қызметте сәтті қолдану болып табылатынын және Академия қабырғасында білім алып жүріп, тәжірибелік дағдылармен қоса міндет пен абыройдың, әділеттілік пен қайраттылықтың, нағыз достық кішіпейілділік пен бір-біріне қолдау көрсетудің құнды сабақтарын алғандарын атап көрсетті. Академияны бітіріп, әрқашанда биіктен қөрініп, алған білімдеріңді дұрыс қолданып, даңқты генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың ісін әрі қарай жалғастырып, еліміздің абыройлы, қырағы тәртіп сақшысы болуларына тілек білдірді. Сонымен қатар тәртіп сақшыларына жылы лебіздерін сыйлы қонақтарымыз да білдірді.  Түлектердің ата-аналары атынан Ғалия Мурашевна Бухарбаева түлектерге құттықтау сөзін айтты. Осы жерде айта кетейін дегенім, Ғалия Бухарбаева, Шымкент қаласының тумасы, Академия түлегі Айтжан Бердібекұлының анасы. Ғалия апайдың айтуынша, Айтжан отбасында үшінші бала, жолдасы екеуі білім саласында қызмет жасайтын жандар. Отбасынан Айтжан ішкі істер органдарында бірінші қызметкер болып жаңа қадам басқалы отыр екен. Ғалия апайымыздың қуанышында шек жоқ. Академия басышылығына, профессорлық-оқытушылық  құрамына және қызметкерлерге түлектердің және өзінің атынан алғысын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.

Бүгінгі таңдағы сұранысқа сай мамандарды дайындап шығудағы орасан жұмыстарды атқарып отырған Академия басшылығы мен  профессорлық-оқытушылық құрамға курсанттар атынан және жеке өз атымнан зор алғысымды білдіремін. Академияда алған білім мен мол тәжірибемізді алдағы уақытта қоғам игілігіне жұмсайтын боламыз, деп түлектердің атынан Думанжан Тұрсынбай өзінің тілегін білдірді. Думанжан Тұрсынбай жас қаламгер ақын, бірінші курстан бастап жүректен шыққан өлеңдерімен, мақалаларымен, оқу ордамыздың мәдени-көпшілік іс-шараларына ат салысып танымал болып жүрген түлек. Осы айтулы іс-шараға Думанжан өзінің жүректен шыққан өлеңін тарту етті.

Өзіңменен өтті талай көктемім,

Уақытыңды сезбеппін зырғып өткенін.

Академия барыңды салып баптадың,

Ешқандай да, өзіңе өкпем де жоқ менің.

Курсанттарың қоштасуға қимайды,

Алып-ұшып кеудеге жүрек симайды.

Көкке қарай қалықтаған қыраның,

Енді міне жұртыңа жылу сыйлайды.

Академия, ұмытпаймыз біз сені,

Әрқашанда тік ұстаймыз еңсені.

Қайда жүрсек те, ұмытпаймыз жыр қылып,

Өзіңменен өткізген әрбір кездерді.

Салтанатты іс-шара барысында қонақтарға арнап курсанттар бар өнерлерін ортаға салды. Бағдарлама барысында салтанатты сап түзеу, үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен саптық маршпен жүріп өту, карабинщиктер мен дабылшылар тобы, спортшыларымыздың спорт түрлерінің әртүрлі өнерлері мен 4 курс курсанттарының офицерлік вальсі көрсетілді.

Түлектер тумен қоштасып, тәуелсіз елдің ұландары бойларын тік ұстап, сап құрып,  салтанатты шерумен жүріп өтті. Диплом беру салтанатты рәсіміне арнайы келген ата-аналар ұлының ер жетіп, қызының бой түзегенін көріп, мақтаныш сезімде болды.

Үлкен өмірге қадам басуларыңыз құтты болсын, құрметті Академияның түлектері. Сіздерге әрдайым сәттілік серік болсын. Қанаттарыңыз талмай, биіктерге самғап, тәуелсіз еліміздің мерейін арттыратын жетістіктер мен жеңістерге жете беріңіздер! Қашан да жолдарыңыз ашық болсын. Ақ Жол, Түлектер!

Баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы

О.Уақпаева