АИТВ (Адамның иммун тапшылығы вирусы) — қоғам індеті

АИТВ — иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Қорғаныш жүйесі әлсіреген кезде адам кез-келген ауруды, әсіресе жұқпалы ауруларды (құрт ауруы-туберкулез, өкпе қабынуы) қабылдағыш болады. Ондай жұқпалы аурулар «оппортунистік» (қолайлы жағдайларды пайдалана білетіндер) деп аталады, себебі олар адамның қорғаныш жүйесі әлсіреп ауру қоздырғышына қарсы тұру қабілеті әлсіреген кезде пайда болады. Қыркүйек айының 11-ші жұлдызы күні «Қостанай облыстық ЖИТС алдын алу және онымен күресу жөніндегі орталығы» Академияға келіп профилактикалық шаралар өткізіп, емдеу шараларын және одан қорғану жолдарын айтып түсіндірді. Қостанай облыстық орталығы ерекше үлгідегі емдеу алдын алу мекемесі болып табылады. Оның қызметі облыс көлемінде АИТВ инфекциясының және ЖИТС-тың алдын алу, диагностикалау және емдеу шараларын ұйымдастыруға және үйлестіруге бағытталған.
Курсанттар Академия аумағында денсаулықтарын тексерту мүмкіндігіне ие болып, АИТВ анықтау үшін жылдам тест тапсырып нәтижесін 5 минуттың ішінде біле алды. Осы арқылы «Қостанай облыстық ЖИТС алдын алу және онымен күресу жөніндегі орталығының» жасап жатқан жұмыстарының қаншалықты жылдам әрі нәтижелі екенін біле аламыз. Курсанттар келген мамандардан өз сауалдарына жауап алып, сауалнама тапсыру арқылы АИТВ-ге байланысты өз білімдерін толықтыра түсті. Қазіргі кезде коғам індеті болған бұл вирус таралып адам өміріне қауіп төндірмеуі үшін әр адамның сауаттылығы маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта жұмыс жасап жатқан «Қостанай облыстық ЖИТС алдын алу және онымен күресу жөніндегі орталығы» ұжымына алғыс білдіреміз.

3 курс курсанты
полиция қатарындағы
А. Бакбаева