Абай мұрасы – халық даналығы

Осындай тақырыпта өткен шарада ақынның 1939 жылы жарық көрген кітабы өзінің оқырмандарымен қайта қауышты. Кітаптың таныстырылымы кезінде академия қызметкері полиция майоры Мырзабек Тұйғанов оның қалай табылғаны және кітапты жұмыс орнына алып келіп, әріптестеріне көрсеткені жөнінде қызықтыра әңгімелеп берді.
Бас ақынымыздың 175 жылдығына тарту болған құнды мұра Абай Құнанбайұлының 1939, 1940 жылдары жарық көрген 2 томдық толық шығармалар жинағының 1-томы екен. Сәбит Мұқановтың алғы сөзімен шыққан бұл кітаптың сырты көк матамен тысталған және ол аздап тозған. Парақтары 19-шы беттен басталады, соңында тағы біраз беттері жоқ. Алғы сөзі мен түсіндірмелерінің кей беттері жоқ демесеңіз, ақынның өлеңдері мен поэмалары толық сақталған және жақсы оқылады. Алматы қаласындағы «Қазақстан көркем әдебиет баспасы» шығарған ақынның бұл мұрасы сирек кездесетін кітаптар санатынан.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған әдеби кеште оқу ордасында білім алып жүрген курсанттарымыз ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқып, әндерін құйқылжыта шырқады. «Торжорға» күйі орындалды. Бірқатар белсенділеріне Абай аталарының көнеден жеткен кітабын қолға алып, латын қарпіндегі өлеңдерін оқып көру мәртебесі де бұйырды.
Шараның соңында көненің көзіндей болып бүгінге жеткен дананың сөзі оқу орнының мұражайына аманатталды. Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Төлегенұлы Қаппасов пен полиция майоры М. Тұйғановтың қолынан кітапты қабылдап алған мұражай меңгерушісі Бисұлу Мұқажанова Абайдың 175 жылдығына арнайы бұрыш ашылатынын мәлімдеді.
Осылайша, академиядағы Мұқтар Әуезовтің домбырасы, Шырақбек Қабылбаевтың жеке бұйымдары мен қолжазбалары сынды тарихи құндылықтардың қатары қазақтың данышпан ақынының көне кітабымен толыға түсті.

Құрбанәлі Елмұратов,
Қостанай академиясы
Ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімшесінің бастығы